2015 жылдың Нобель сыйлығы лауреаттары анықталатын іс-шара апталығы бірнеше сағаттан кейін басталады. Алғашқы күні физиология және медицина салалары бойынша ғалымдар есімі аталмақ. Әлемдегі ең беделді ғылыми сыйлықтың лауреаттары анықталмас бұрын, жыл сайын болжам жасайтын америкалық Thomson Reuters компаниясының сарапшылары Нобельге үміткер бола алатын ғалымдарды атап өтті. Айта кетсек, Thomson Reuters 2002 жылдан бері 37 ғалымның есімін анық болжаған.
Thomson Reuters болжамына сенсек, медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын америкалық микробиолог Александр Руденский иемденуі мүмкін. Ол КСРО кезінде Мәскеудегі эпидемиология және микробиология институтының ғалымы болған. 1989 жылы АҚШ-қа қоныс аударады. Егер америкалық агенттіктің болжамы оңынан келсе, Руденский Итан Шевач және Шимон Сакаг есімді әріптестерімен бірге адамның иммунды жүйесіндегі жасушалардың құрылуы мен дамуы туралы жұмысы үшін Нобель лауреаты атанады.
Адам мен оның ішегінің микрофлорасы арасындағы тығыз байланысты зерттеумен айналысып жүрген Джеффри Гордон есімді америкалық ғалым да медицина саласы бойынша Нобель сыйлығына үміткер болып отыр. Оның әрістестері Кацуоси Мори мен Питер Уолтер адам ішегіндегі тірі жасушалардың қалай жұмыс жасайтынын зерттеумен айналысып жатыр.
Халықаралық маңызы бар іс-шара бүгін Астана уақыты бойынша 15:30-да басталады.