Әлемдегі ең беделді ғылыми сыйлықтың лауреаттары анықталмас бұрын, жыл сайын болжам жасайтын америкалық Thomson Reuters компаниясының сарапшылары Нобельге үміткер бола алатын ғалымдарды атады. Thomson Reuters 2002 жылдан бері 37 ғалымның есімін анық болжаған.
Басы
Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, физика саласында көпжылдық еңбегі бар, қазіргі таңда молекулалардың өзара әрекеттерін нақты зерттейтін ғылым саласы аттосекундты физиканың дамуына өз үлесін қосып жатқан канадалық Пол Коркум мен неміс Ференц Кауш есімді ғалымдар Нобель сыйлығының 2015 жылғы лауреаттары атануы мүмкін. Үміткерлер қатарында Дебора Джин есімді америкалық ғалым да бар. Ол бір атомды газды төмен температурада ұстап, молекуланың фермионды конденсатын алғаш рет бөліп алған. Сонымен қатар, Чжун Линь Ван есімді қытайлық физик пьезатронды және пьезафототронды наногенератор (әлемдегі ең кішкентай генератор) құрастырғаны үшін Нобель сыйлығын иемденуі бек мүмкін.
Бір жыл бұрын Нобель сыйлығы заттардың конденсациялық күйі туралы зерттеу жұмысына берілген еді. Ал 2012 жылы квантты физика саласында еңбектенген ғалымдарға 1 миллион АҚШ доллары табысталды. Астрономия саласында үздік жетістігі үшін ғалымдар соңғы рет 2011 жылы марапатталды. Сондықтан кейбір сарапшылар биыл Нобель сыйлығы астрономиялық жаңалық үшін берілуі тиіс екенін мәлімдеп отыр. Бұл салада Вера Рубин және Кент Форд есімді астрономдар үміткер ретінде ұсынылған.
Биыл жасы 87-ге келген Рубин қара ұйық туралы Цвикки гипотезасын дәлелдеген. Одан бөлек, бірнеше жылдан бері үміткерлер қатарында швейцариялық ғалым Мишель Майордың аты да аталып келеді. Ол ең алғашқы экзоғаламшарды ашқан.
Физика ғылымы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты 6 қазан, сейсенбі күні анықталады. Іс-шара Астана уақыты бойынша 15:45-те басталады.