Нетбуктің артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

Нетбуктің артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

Нетбуктердің көлемі кішкене, әрдайым бірге алып жүргенге ыңғайлы әрі барынша стильді түрлері бар. Оларды журнал беттерінен де көріп қаламыз. Оның көмегімен көпшіліктің назарында болғанды ұнататын адамдар сөмкесінен алып, қай жерде отырғанына қарамастан жұмыстарын ретке келтіріп отырады. Оны екінші адам көріп, "Дәл осындай құрылғыны мен де алсам қайтеді?" деген ойға қалады. Екінші ойландыратын мәселе: "Бұл құрылғының әдеттегі компьютер мен ноутбуктерден айырмашылығы қандай? Оны не себепті ұялы телефондар алмастыра алмайды?" Осыны анықтап көрейік.


Ең алдымен компьютерге қарағанда үйдегі көп орынды үнемдейтінін айта кеткеніміз жөр. Үнемдегенімен тұрақты жүйелік блоктың орнын алмастыра алмайды. Сонымен қатар ноутбуктің де қарапайым жұмыстарын атқара алмайтыны анық. Нетбук атауы ағылшын тілінен аударғанда «Интернетке арналған кітап» мағынасын білдіреді. Бастапқы кезде дамыған мемлекеттерде балалар ойыншығы ретінде жасалып, артынша үлкендерге де керек құралдың қызметін атқарған.

Бұл құрылғының кемшіліктері мен артықшылықтарына жеке тоқталып өтейік:

Кемшіліктері:

- экраны кішкене (ойымызда автоматты түрде фильмдерді көру қаншалықты ыңғайлы деген сұрақты тудырады);

- қызметін толық атқармайды (ойындарды ойнау барысында қатып қалады);

- саусақпен жылжытуға арналған тышқаны кішкене (тышқан сатып алып қолданған жөн).


Артықшылықтары:

- көлемі кішкене әрі салмағы да жеңіл (әдеттегі ноутбукпен салыстырғанда);

- пернетақтасы үлкен (ұялы телефонмен салыстырғанда);

- мобильділік (кез келген жерде Wi-Fi пайдалануға, usb-модемдерді қосуға болады);

- бағасы (ноутбуктың жарты бағасымен бірдей).

Нетбукпен қандай жұмыстарды жасауға болады?

- Интернетке еркін кіру (бұл – басты мақсаты десек те болады);

- Skype секілді бағдарламаларды пайдалануға болады (ол үшін арнайы камерасы да орнатылған);

- Microsoft Office Word құжаттарында мәтін өңдеуге болады;

- Әуен тыңдау.


Нетбукті үнемі интернет желісінде отырып, үздіксіз блог жазып, e-mail арқылы хат алмасып, желідегі достармен араласқанды ұнататын адамдар сатып алғаны жөн. Бір компьютерді бірнеше адам пайдаланатын жағдайда ойланбастан нетбукті сатып алып, еркін жұмыс жасауға болады. Жазда демалысқа алысқа қыдырып бара жатқанда аяқталмаған жұмыстарды орындау үшін осы құрылғы ыңғайлы.

Алайда оны сатып аларда, мына мәселелерге мән бергеніміз жөн:

1. Аккумуляторының шыдамдылығы

Қолайлылығы үшін алып жүретіндіктен, сатып аларда қуаты қанша уақытқа дейін жететіндігін анықтап алыңыз.

2. Орнатылған жүйе

Заманауи нетбуктер Windows немесе Linux жүйесінде жұмыс жасайды. Linux жүйесі тегін, ал Windows жүйесі қымбат.

3. Wi-Fi қызметі

Wi-Fi қызметінің орнатылғандығына мән беріңіз. Оның көмегімен ақша үнемдеуге болады.

4. Экранының көлемі

Көлемі 8,9 дюймнен жоғары болғаны жөн. Одан аз болған жағдайда, көру мүшелеріне зақым келтіреді.

Сонымен заманауи техниканы алуға ұмтылғанымыз жөн бе? Оны өздеріңіз шешесіздер. Үйіңізде жақсы жұмыс істейтін компьютер немесе ноутбук болған жағдайда, әрі интернетті көп пайдаланбайтын болсаңыз, оны сатып алудың қажеті жоқ. Оны Photoshop немесе autoCAD секілді бағдарламаларда жұмыс жасайтын дизайнерлер, инженерлер, бухгалтерлер де пайдалана алмайды. Көп орынды алатын бағдарламаларды жүктегенде қатып қалады. DVD форматындағы киноларды көрген кезде қуаты жылдам отырып қалады. Сол себепті оны таңдамас бұрын, мұқият ойланып алыңыз.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: mobiset.ru

Қ. Бүйенбай