- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Назарбаев Университетінде Нобель...
Назарбаев Университетінде Нобель сыйлығының лауреаты жұмыс істейді
Әлемге әйгілі ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут Назарбаев Университетіне зерттеу жұмыстарына шақырылды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінің зерттеу орталықтары мен NURIS пилоттық технопаркін аралап көрді. Нысанды аралау барысында Президент елеулі жетістіктермен және университетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми-инновациялық қызметтің нәтижелерімен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев ғылыми қызметкерлердің атқарған жұмысына жоғары баға берді. Қазақстан Президенті сондай-ақ NURIS және Өмір туралы ғылымдар орталығы ғалымдарының ғылыми зерттеулерінің нәтижелері еліміздің игілігіне, оның дамуы мен халқын сауықтыру үшін тиімді пайдаланылуы тиіс екенін атап өтті.
Университет базасында үш ғылыми орталық құрылған: Энергетикалық зерттеулер орталығы, Пәнаралық орталық және Өмір туралы ғылымдар орталығы, оларда мектеп профессорлары және 160-тан астам ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Олардың көпшілігі шетелдік үздік университеттерде білім алған. Арасында халықаралық деңгейдегі жетекші ғалымдар мен шет елдерден оралған қазақстандық зерттеушілер де бар.
"Ғылыми орталықтарда энергетика, машина жасау, шикізатты терең өңдеу, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өмір туралы ғылым сияқты ел үшін басымдығы бар бағыттар бойынша зерттеулер жүргізіледі. Мәселен, болашақтың энергиясын дамыту жобалары үшін әлемге әйгілі ғалым-астрофизик, космолог, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут шақырылған", - делінген баспасөз парағында.
Университеттің ғылыми орталықтары өз бағдарламаларын АҚШ-тың, Еуропаның, Жапонияның танымал ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықта жүзеге асырады. Университетте барлығы 170 ғылыми және техникалық жоба іске асырылып жатыр, оларға студенттер де белсене қатысады.
Сурет: kaz.tengrinews.kz
Н. Айдархан