NASA Жерге ұқсас планеталар табылғанын мәлімдеді

NASA Жерге ұқсас планеталар табылғанын мәлімдеді
Фото: vk.com

NASA ғарыш агенттігі кеше шұғыл пресс-конференция ұйымдастырып, кем дегенде жеті ғаламшардан тұратын жаңа планеталық жүйенің табылғандығын мәлімдеді. Болжаммен ол жетеудің үшеуі өмір сүруге жарамды.

Ғалымдардың айтуынша, бұл планеталар TRAPPIST-1 жұлдызының жүйесіне кіреді және ол біздің Күн жүйемізден 40 жарық жылындай алшақтықта орналасқан. Бұл айтарлықтай алыс емес. NASA-ның Вашингтондағы штаб-пәтерінің қызметкері Томас Зурбучен: "Бұл жүйедегі үш планета орталық жұлдыздан өмір сүруге жарамды қашықтықта орналасқан. Олардың бірі көлемі мен температурасы жағынан Жерге өте ұқсас. Бұл планеталарда су болуы да мүмкін. Жақын арада адамзат "Біз бұл ғаламда жалғызбыз ба?" деген сұраққа жауап табатын сияқты", - дейді.

Айта кетерлігі, TRAPPIST-1 жүйесін осыдан жарты жыл бұрын спитцер телескобы арқылы Майкл Джилон басшылық еткен бір топ ғалым анықтаған болатын. Алайда, NASA оны көпшілікке мәлімдеу үшін жіті дайындалуды жөн санаған. Енді ғалымдар табылған жүйені тыңғылықты зерттеп, жұлдыздардың атмосферасын, онда тіршіліктің бар-жоғын анықтауды мақсат тұтып отыр.

Y. Almabek