- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Мысығы жалағаннан кейін...
Мысығы жалағаннан кейін көзі көрмей қалды
АҚШ-тың орта жастағы азаматының бір көзі үйіндегі мысығы жалағаннан кейін көрмей қалды. Мысықтан жұққан бактериялар көздің иммунды жүйесін әлсіретіп жіберген. Бұл туралы АҚШ-тың CBS News ақпараттық агенттігі хабарлады.
АҚШ-тың Огайо штатындағы Толеда қаласының тұрғыны Джаниз Уолтерс таңертең оянғанда бір көзінің көрмей қалғанын айтады. Ол мұны таңертеңгі ұйқылы күйдегі жағдай деп біліп, бастапқыда аса мән бере қоймаған. Дәрігерлердің айтуынша, Джаниз мысықтан жұққан Бартонелла Хенсели бактериясының әсерінен көрмей қалған.
Аталған бактериялар әдетте мысықтың сілекейі мен жүнінде болады. Олар мысық үшін ешқандай қауіп төндірмегенімен, адам баласына өте қауіпті. Осының нәтижесін америкалық Уолтерстің жағдайынан біліп отырмыз.
«Инфекция мысыққа тым жақын болған сәттерде, тістеп немесе тырнап алған кездерде жұғады. Ал бактериялар ағзаға енгеннен кейін аурудың алғашқы белгілері байқала бастайды. Бартонелла Хенсели бактериясы қан тамырларын үлкейтіп, қатерлі ісікке алып келеді. Сонымен қатар, бауырдың жұмысын қиындатып, омыртқа сұйықтығы арқылы менингит ауруын шақырады», – дейді Толедо Университеті жанындағы медициналық колледждің дәрігері Кристофер Р. Брикман.
Дәрігерлердің айтуынша, Уолтерстің ағзасына инфекция тым күрделі әсер еткен. Бұл оның иммундық жүйесінің әлсіз екенін дәйектейді. Диагностикалық тексеруден кейін Джаниздің Парино синдромына ұшырағаны белгілі болды. Аталған синдромның алдын алмаса, науқастың өмір бойына көзі көрмей қалуы мүмкін.
Уолтерс инфекцияның екінші көзіне өтпегеніне қуанып отыр. Дәрігерлер оған енді мысыққа жақындамауға кеңес берді.
Ж. Өрісбай