- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Мұнай неге баррельмен...
Мұнай неге баррельмен өлшенеді?
Мұнай – энергия өндірудің негізгі өнімі. "Қара алтыннан" қуат алып келе жатқанымызға үш ғасырдай уақыт болды. Сутегі, атом, көмір мен басқа да баламалы энергия түрлері пайда болса да, мұнайдың дәурені әлі жүріп тұр. Бағасы да құбылып тұрғаны белгілі.
Мұнайдың баррельмен есептелетінін бәріміз білеміз, бірақ литр, диюм өлшемдері бола тұра неге баррельмен есептелетінін ойланып көрдік пе? Сөйтсек, мұның тарихы сонау ХVIII ғасырда, тіптен одан терең жатса керек.
Алғашында мұнайды шағын ыдыспен, бөшкемен тасығаны белгілі. Ондай бөшкенің ортақ үлгісі болды деу екіталай. Бірде бөшкемен тасыса, енді бірде меспен, бөрдекпен тасыды. Бірыңғай тасымал болмаған соң, сатушыға да, сатып алушыға да қиындық әкелгені анық.
ХІХ ғасырда мұнайға деген сұраныс еселеп артты. Ал оны жеткізуге де ыдыс біткеннің бәрі пайдаланылды. Бірақ ортақ мөлшері жоқ. Бір бөшкелі мұнайға баға қойған оңай болатыны онсыз да түсінікті. Сондықтан мұнай өндірушілерге жалпыға бірдей өлшем табу керек болды.
1866 жылы тамызда Пенсильванияның белді мұнай магнаттары жиналып, түрлі мәселелер қарады. Ол жерде мұнайдың өлшемі мен тасымалдау бөшкесі жайлы да әңгіме болды. Ақыры мұнай өндірісінің өкілдері бір тоқтамға келіп, 42 галлон мөлшерге тең мұнай өлшемін, яғни, баррель бірлігін алайық деп шешкен екен. 42 галлон өлшемін алған себебі – сол заманда Пенсильванияда тараған бөшкенің мөлшері сондай болғандығы. Онымен балық, киттің майы, сабын мен шарап, май мен сірне тасыған. Мұнай құйып тасуға да ыңғайлы болған көрінеді.
Оның үстіне, ондай бөшкені бір адам көтеріп кете алады. Бөшке ауырлау болса, адам көтере алмайды, ал кіші болса, тасымалдау шығын көбейіп кетеді. Тағы бір ыңғайлы тұсы – 42 галлонды бөшкенің 20 данасы баржа мен пойыз вагондарына дәл сыйып кетеді. Сондықтан 42 галлон өлшемді бөшкені мұнай өндірісінде пайдалану сол заманның ең тиімді шешімдерінің бірі-тұғын.
Ал 1872 жылы Американың Мұнай өндірісі қауымдастығы 42 галлон өлшемді бөшкені мұнай өндірудің ресми стандарты ретінде бекітті.
Әрине, қазір ешкім мұнайды бөшкемен тасымайтыны белгілі. Танкер, құбырлар арқылы жеткізеді. Алайда мұнай баррелі өндірісте қалай бірлік ретінде қабылданып, бекітілді – солай әлі күнге дейін қолданылып келеді.
Қ. Слямбек