Мәскеудегі «Алма-Атинская» метро станциясы жыл соңында ашылмақ

2012 жылдың соңына дейін Замоскворецк бағытындағы «Алма-Атинская» метросы ашылады. Бұл туралы бүгін қалалық басқарма жиынында Мәскеу қаласының мэры Сергей Собянин мәлімдеді.

Метро линияның соңғы станциясы болмақ. Станцияның атына байланысты көптеген дау ушыққан. Алғашқы кезде метро «Промзона» аталмақ еді. Кейін 2000 жылы құрылыс тоқтап қалғандығы себепті қайта бастауға турал келген.

Одан кейін тағы да «Братеево» атын ұсынғандар болды. Бірақ Қазақстан елшілігінен дер кезінде станция атын «Алма-Атинская» деп қоюға ұсыныс жасалған соң ғана мәселе қарастырыла бастады. Ал бұл станцияға 620 метр қашықтықта Алма-ата көшесі бар екен.

Дау деп қалдық қой, оның басы орыс лингвистер тобынан шықты. 2011 жылы қараша айында олар қала мэры Сергей Собянинге өтініш хат жазыпты. Олардың айтуы бойынша, «Братеево» керемет топоним әрі бұл атау Ресей елінде бұдан басқа ешқайда да қайталанбайды-мыс. Бұл атау 1628 жылдан бері бар көрінеді. Алайда қалалық қоғаммен байланыс комитетінің төрағасы Александр Чистяков Панфиловшылар дивизиясының 1941 жылы Мәскеу қаласы үшін шайқаста ерлік көрсетуі құрметіне станцияның атауын «Алма-Атинская» деп қоюға шешім қабылдаған екен. Ал Алматы қаласындағы соғылып жатқан метро станцияларының біріне «Москва» атауы берілетіндігі мәлім болды. Мәскеу қалалық Басқармасының 2011 жылғы  29 қарашасындағы № 915-РП бұйрығы бойынша, «Братеево» станциясы «Алма-Атинская» болып өзгерді.

Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ

Сурет:news.mail.ru