Маса неге қанмен қоректенеді?

Маса неге қанмен қоректенеді?
Фото: klopkan.ru

Алдымен, масаның қанына тоқталайық. Масаның қаны – «гемолимфа» деп аталады. Ол адамның қанымен бірдей қызмет атқарады. Қоректік ағзаларды денеге тасымалдайды. Токсинді заттарды денеден шығарады. Гормондарға жауапты әрі денеге инфекция түсуден қорғайды. Тек көмірқышқыл газ бен оттегі тасымалы жұмыс істемейді. Өйткені, масаның тыныс алу жүйесі трахеямен тығыз байланысты.

Егер масалардың аналығы қоректенетін өзге қандарға келсек, олар масаларға көбею үшін керек. Аналықтары аталықтары секілді су мен гүлдің шырынын ішіп, қансыз өмір сүре алады. Бірақ, кулицид (Culicidae) тобына жататын масалар – қансорғыштар. Олар қансыз көбеюге қауқарсыз.

Қан – шырынға қарағанда нәруызға бай азық. Қан плазмасында және эритроциттерде кездесетін нәруыздар, масалардың денесіне түскен соң аминқышқылдарына ажырап, оның жұмыртқа жасушасындағы ақуыздардың синтезіне қатысады.

Кейбір масаларға қан керек емес. Toxorhynchites тұқымына жататын масалар тек гүл шырынын қорек етеді. Бұл әрекеті олардың дернәсілінің (личинки) қоректенуімен тығыз байланысты. Бұл тұқымның дернәсілі өзге масалардың ұрығын қорек етеді. Сондықтан, оларда нәруыз қоры өте жоғары деңгейде.

Егер маса мазаңызды алып жатса, олардың ұрығы нәруызды қажет етіп жатқанын естен шығармаңыз.

 

Т. Есқали