Марстағы қар көміртегінің қостотығынан тұрады. Бұл туралы TG Daily NASA ғалымдарына сілтеме жасай отырып хабарлады. Айта кетелік, Күн жүйесінде бұндай құбылыс алғаш байқалып отырған жоқ.
Зерттеушілер бұл шешімге Mars Reconnaissance Orbiter (MRO) ғарыш аппараттарының жіберген ақпаратарын талдаудан өткізгеннен кейін келді. Аппарат Марстағы температураны, атмосферадағы ұсақ бөлшектердің мөлшерін және олардың концентрациясын анықтады. Осылайша ғалымдар Марс аспанында көміртегі қостотығынан құралған қар бұлттарының пайда болатындығын анықтады. Цельсий шкаласы бойынша -125 градус температурада химиялық бөлшектер қатып, құрғақ мұз пайда болады. Содан кейін планета бетіне бұл қосылыс қар мамықтары түрінде түседі.
Mars Reconnaissance Orbiter ғарыш аппараты
"Біз Марстағы бұлттардың көміртегі қостотығынан тұратындығын анықтадық. Планета бетіне түсетін қар мамықтары өте қалың", - деді NASA-ның Калифорниядағы Реактивтік Қозғалыс Зертханасының (The NASA's Jet Propulsion Laboratory) маманы Пол Хейн (Paul Hayne).
Ғалымдардың айтуынша, бұндай бұлттар Марстың тек оңтүстік полюсінде пайда болады. Айта кетелік, зерттеушілер осы аймақтан 2006 жылы мұздықтар тапқан болатын.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: tainy.net