Зерттеушілер Opportunity Марс кезбесінің жанынан табылған құпия тастың қалай, қайдан пайда болғанын анықтады, деп хабарлайды «РИА-Жаңалықтар» қызметі.
Қаңтар айының ортасына қарай Қызыл ғаламшардан түсірілген фотосуреттен марсоход жанынан жылтыраған тас табылған еді. Ол 3536-шы саналған солдан (Марстағы күндердің аталуы) көрінбесе де, 3537-ші солда айқын көзге көрінген болатын. Сол кезде әртүрлі БАҚ-та бұл жұмбақ тас әуесқой астрономдар арасында үлкен дау тудырғаны да белгілі. Ал ғалымдар бұл жұмбақтың екі себебін ұсынған болатын: біріншісі – марсоход дөңгелегі оны жерден шығарып тастаған, екіншісі – бұл тас құлаған метеориттің сынығы.
Кейін зерттеушілер тастың бөгдеғаламшарлықтардан қалған із деушілердің өкінішіне орай, бірінші гипотезаның дұрыс екендігіне көздерін жеткізген. Сент-Луистегі Вашингтон университетінің қызметкері Рэй Арвидсонның сөзінше, Opportunity түсірген бұрынғы суреттерде де тастың түпнұсқалық түрі көрсетілген. Ал одан соң марсоход оны басып өткеннен кейін, оның бір сынығы таспаға түсіп қалған екен.
Тас құрамында өте көп мөлшерде күкірт пен магний бар. Оған себеп тасқа судың тигізген әсері болуы әбден мүмкін. Арвидсонның сөзінше, «бұл процесс көптеген жылдар бойы жер астында орын алып, кейін уақыт өте келе эрозияға ұшырауы себепті топырақтың беткі қабатына шығып қалуы ғажап емес.»
Енді жұмбақ тастың құпиясы ашылғаннан соң, марсоход жартасқа одан әрі қарай өрмелеп, топырақтарды зерттеу жұмысын жалғастыра бермек.
«Opportunity-ді орнынан сәл ғана қозғап, жұмбақ тасты тыңғылықты зерттедік. Сол кезде жартастың жоғары жағынан бұл сынықтың негізі болған тасты байқадық. Біз оны басып өттік, оны жүрген ізден көрсеңіздер болады. Міне, жұмбақ болған тастың бар құпиясы осы»,-дейді Арвидсон.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: NASA