Аузын айға білеген алпауыт компанияларды логотиптері арқылы танып жатамыз. Сол логотиптердің астары мәнсіз емес екен. Белгілердің адамға психологиялық тұрғыдан әсер ететін қасиеті бар көрінеді.
Дәурені жүріп тұрған
"Google" логотипі бір қарағанда, түрлі-түсті әріптермен жазылған қарапайым жазу болып көрінеді. Бірақ сол қарапайым жазудың компания имиджіне тікелей ықпалы бар. Мағынасы – үйлесімді жұмыс жасап жатқан ойнақы мінезді ұжым.
"Fedex" компаниясының логотипі де бір қарағанда, өте қарапайым. Бірақ анықтап, зер салсаңыз, "Е" мен "х" әріптерінің арасынан сілтеме көресіз. Бұл сілтеме "Бағытыңыз осы компания" дегенді білдіргендей. Ал логотип авторлары бұл компанияның кәсіби біліктілігін көрсетеді дейді.
"Mcdonald’s" компаниясының логосынан жай ғана "М" әрпін көріп отырсаңыз, белгінің арқалаған екінші жасырын мағынасын айтып жіберейік. Ол бала емізетін әйел адамның төсіне ұқсайды. Компанияның мақсаты да әлемнің бесігін тербеткен аналар сияқты ғалам халқының қарнын тойдыру.
"Adidas" спорт киімдері дүкенінің белгісінде үш сызық бар. Ол тауды білдіреді. Логотип барлық спортшы бағындырғысы келетін асқар шыңды символдайды.
"Amazon. com" сайтының логосындағы сіз байқасаңыз да, мән бермей отырған сары сызық өз-өзіне көңілі толған адамның күлкісі іспетті. Лого авторлары бұл сызық сайттан сатып алған заттарына көңілі толған тұтынушының кейпі дегенді айтады.
Ал "Massaget.kz" порталының логосынан жасырын жатқан қандай мағына көріп тұрсыз? Ойыңызбен бөлісіңіз...
Сурет: mirfactov.com, ideachampions.com
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова