Қазір ластанған ауадан жылына 3 миллионнан астам адам қайтыс болады. Ғалымдардың айтуынша, бұл көрсеткіш 2050 жылға таман екі еселенуі мүмкін.
Лас ауаның құрамында адамның көзіне қөрінбейтін қатты молекулярлық бөлшектер бар. Олар көбіне өкпе мен жүректе түрлі аурулардың асқынуына себеп болады. Аталған сандық көрсеткіштің төрттен үш бөлігі Азия құрлығындағы елдерге тиесілі. Айта кетсек, ауаның ластануынан Қытайда жылына 1,4 миллион, ал Үндістанда 650 мың адам өмірден озады екен.
«Ауаның ластануымен байланысты өлімнің 75 пайызы жүрек талмасы мен инсульттің салдарынан болады. Ал қалған бөлігі респираторлық аурулар (ауа құрамындағы оттектің мөлшері 16%-дан аз болған кезде) мен өкпе ісігінен қайтыс болады», - дейді Германиядағы Химия Институты Макс Планк қоғамының зерттеуші ғалымы Йос Леливелд (Jos Lelieveld). Зерттеу жұмысының нәтижелері Nature ғылыми журналында жарияланды.
Сарапшы ғалымдардың айтуынша, жанармай, органика сынды ресурстардың жануынан ауада пайда болатын молекулярлық бөлшектер адам өміріне өте қауіпті. Олар тым кішкентай болғандықтан, өкпенің терең аймақтарына дейін ене алады. Сонымен қатар, қан айналымы арқылы иммунды жүйенің жұмысын әлсіретеді. Зерттеуге қатысып жатқан Нью-Йорк университетінің профессоры Джордж Терстон (George Thurston) адам ағзасына ауамен кірген бөлшектер табиғи жолмен шықпайтынын айтады.
Ғалымдар атмосфераның химиялық құрылымының моделін жасаған. Содан кейін ауаның ластануына себеп болатын факторлады анықтаған. Негізгі фактор автокөлік қозғалысында қолданылатын жанармай болып отыр.
Қазір көлік құрастыру концерндері жанармайдың альтернативті нұсқасын, яғни электр энергиясын жаппай қолданысқа енгізуге тырысып жатыр. Болашақта экологиялық таза электромобильдер қолданылса, ауаның ластану мөлшері де азаяды.