- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- «Кьюриосити» аппаратының дөңгелегі...
«Кьюриосити» аппаратының дөңгелегі жарамсыз болып қалды
NASA ғарыш агенттігінің Марсты зерттеу үшін ұшырылған аппараты күн сайын қиындықтарға ұшырауда. 2012 жылдан бері ақпарат берумен айналысып жатқан аппарат қызыл ғаламшардың тасты бедеріне жеткен кезде алты дөңгелегінің бірі жарылып қалды.
Қашықтан басқару арқылы зондтың жылдамдығын секундына 4 сантиметрге жеткізе алған NASA инженерлері Марстың тасты ландшафтын ескермеген көрінеді. Әзірге құрастырушылар дөңгелекті жөндей алмайды. Сондықтан, оның моторын өшіріп, бес дөңгелектің көмегімен ең төмен жылдамдықта қозғалуға тырысып жатыр. NASA өкілдерінің айтуынша, аппарат дөңгелектердің үштен екі бөлігі істен шығатын болса да, қозғала алады екен.
«Кьюриосити дөңгелегінің диаметрі 50 сантиметр, ал ені 40 сантиметр. Аппарат ұшырылмас бұрын оның төзімділігі тексерілген. Расында, Марстың бедері әлі де толық зерттелген жоқ», - дейді NASA агенттігінің Пасадендегі (Калифорния, АҚШ) реактивті қозғалыс зертханасының MSL жобасы бойынша жетекшісі Джим Эриксон.
Айта кетсек, «Кьюриосити» аппаратының алдыңғы екі дөңгелегі миссияның басынан зақымдана бастаған екен. Бүгінде инженерлер мен бағдарламашылар басқа дөңгелектердің зақымдануын азайту үшін еңбек етіп жатыр.
Ж. Өрісбай