- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- "Қызыл ғаламшарға баратын...
"Қызыл ғаламшарға баратын жолаушылар керек"
Тұңғыш ғарыш туристі, мультимиллионер Деннис Тито өзінің жеке бағдарламасы бойынша, Марсқа қонақтап барып қайтатын ерлі-зайыпты жұптарды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды BBC.
Құны кем дегенде 1 миллиард доллар тұратын миссия 2018 жылдың қаңтарында жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылар ғарыштық жолаушылар ретінде 50 жас шамасындағы ерлі-зайыптылар болғанын қалап отырған көрінеді. Бірақ, құрамында туристері бар ғарыш кемесі Қызыл ғаламшар бетіне қонбақ емес. Аппарат Марс бетіне тек 100 шақырымға жақындап, одан соң кейін Жерге қайтып оралатын болады.
Деннис Титоның өзі болса, жобаға қатыспайтынын бірден айтты. Естеріңізге салсақ, ол 2001 жылы 60 жасында ғарышқа аттанып, әлемдегі тұңғыш ғарыш туристі атанған еді. Ол осы сапары үшін ғарыш агенттігіне 20 миллион доллар қаржы төлеген.
Айта кетейік, жалпы адам баласының ғарышта ең ұзақ болуы 437 күнге созылған. Дәл осындай уақытты ресейлік Валерий Поляков орбитада өткізген (1994 жылдың 8 қаңтары мен 1995 жылдың 22 наурызы аралығы).
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: bbc.co.uk
Б. Қосмағамбет