Қытайдың оңтүстік-батысында (Гуйчжоу провинциясы) әлемдегі ең үлкен радиотелескоптың құрылысы басталды. Телескоп үлкендігі 30 футбол стадионындай болатын ауданда орнатылады.
«Ұлы Қытай телескопы» елдімекендерден айтарлықтай алыста болады. Ең жақын қыстақ бес шақырым қашықта орналасқан. Ғалымдардың айтуынша, бұл радиотолқындарды еш кедергісіз қабылдауға мүмкіндік береді.
«Радиотелескоп — сезімтал құлақ секілді ғаламшардағы кез келген дыбысты (сигналды) қабылдай алады. Біздің мақсат осы құрылғының ең қуатты түрін құрастыру», - дейді Қытай ғылым академиясының жанындағы Ұлттық астрономиялық обсерватория қызметкері, FAST радиотелескопы жобасының жетекші ғалымы Нан Рендон.
FAST (Five hundred meters Aperture Spherical Telescope) телескопының диаметрі 500 метр, 4540 үшбұрышты панельден құралады. Радиотелескоп жоспар бойынша келесі жылы қолданысқа берілуі тиіс.
Айта кетелік, қазір ең үлкен телескоп болып саналатын Арисибоның диаметрі – 300 метр. Қытай үкіметі жобаға 100 миллион АҚШ долларын бөлген.