"Арктикалық есірік" деген психикалық ауытқуды бұрын-соңды естіп пе едіңіз. Онда солтүстіктегі ағайындар туралы ештеңе білмейді екенсіз ғой.
Эскимостар сананың дәл осылай бұзылып, есірік қуатын кезін «пиблокток» деп атайды. Әсіресе, аталған дерт қыс айларында асқынбақ. Тіпті, кей кездері кең тарап жайылғаны соншалықты, эпидемияға айналып кететін кездері де ұшырасады.
"Арктикалық есірік" бірнеше минуттарға ғана созылатын ауру. Алайда, сол қас-қағым сәттің ішінде адамды түлен түртіп, ащы шыңғырып (түсініксіз бір сөздерді былдыр-шатпақтатып), өз киімін өзі жыртып, тырдай жалаңаш денемен қар үстінде аунап, өгіз құсап екі көзі екі жаққа кетіп, әбден қояншықтанып кетпек. Кейде дерт үстіндегі адамдар өз саусақтарын шайнап жеуден тартынбай, байбалам салмақ...
Мұндай адамдар өз-өздеріне келіп, естерін жиғанда, көбіне не істеп, не қойғандарын білмейтін болып шығады.
Бұл психикалық дерт туралы эскимостардың өз пікірлері бар. Олардың есірік барысында шарасыз қалуының бір себебі, адамды әруақ қысып жатыр деп сенеді. Ал бұл тарапта ғалым-зерттеушілеріміз мүлде басқа көзқарасты қолдайтын болып шықты. Мүйізі қарағайдай жандар солтүстік халықтардың ағзасында А дәрумені қыс күні шектен тыс көбейіп кетеді дейді. Оның үстіне жергілікті халық тұтынатын азық-түліктердің барлығында дерлік аталған дәрумен шамадан тыс көп болып шыққан.
сурет:cracked.com
Дайындаған: Фараби Арыстанбек