- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Құттықтауға асықпаңыз!...
Құттықтауға асықпаңыз!
Адамзат баласы ықылым замандардан бері салт-дәстүр, наным-сенім, ырым-тыйымдарға ерекше мән берген. Қай қоғамда болмасын, осындай түсініктерге орын табылады. "Мынаны жасасаң, анадай болады, анадайды істесең, мынадай болады" деген алып-қашпа әңгімелердің көп айтылатындығы соншалықты, өмір сүргің келмей кететін сәттер де болып тұратыны бар. Сондай наным-сенімнің бірі – туған күнге байланысты айтылады. Туған күнмен ерте құттықтауға болмайды! Осындай "заң" бар! Бірақ не үшін? Қайдан шықты?
Логикалық түрде жауап беретін болсаңыз, "адам өзінің туған күнін бір апта бұрын бал-бұл жанып, ерекше бір оқиғаларды күтіп, жоспарлар құрумен болады, ендеше, ерте бастан құттықтап, көңіліне қаяу түсіріп қайтесіз?" деуіңіз мүмкін. Өйткені бұл күн ерекше әрі жалғыз. Мезгілінен бұрын айтылған тілек те күлкілі көрінбей ме?
Бұл сіздің ойыңыз. Ал ырымдар сізден басқаша тіл қатады.
Сенім бойынша, кісіні туған күнімен ерте құттықтау жағымсыз оқиғалар мен бәле-жаланы шақырады дегенді айтады. Егер шынында сондай келеңсіз жағдайлар орын алып жатса, кінәлі – мезгілінен ерте ықылас танытқан адам екен.
Иә, маған да күлкілі болып отыр. Әжеміздің ертегісіне ұқсайды екен. Десе де, "жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды" деген бар емес пе? Бұл нанымға да бір нәрсенің себеп болғаны анық.
Бұл сенімге ақпан айының жиырма тоғызыншы жұлдызында туылған жандардың қатысы жоқ. Ол адамдар құттықтауларды жиырма сегізінші ақпанда немесе наурыздың бірінде қабыл алады. Көпшілік қауым жоғарыдағы дәстүрді ескеріп, тілектерді наурыздың бірінде жаудырады екен.
Тағы бір наным-сенім мезгілінен ерте құттықталған адам көптен күткен күнге жетпей қалуы мүмкін дегенді айтады. Сондықтан қымбат адамыңызға жамандық қаламасаңыз, бұл әдеттен аулақ болыңыз дейді.
Назарларыңызға ұсынған ырым-тыйымдарға сену де, сенбеу де өз құзырыңызда! Ең бастысы –тілегіңіздің шын жүректен болғаны емес пе?
Суреттер:chilelavida.blogspot.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева