Германияда математикалық есептеулерден әлем чемпионы Герт Митрингтың жаңа кітабы жарық көрді. Онда автор есептеулерге ғана емес, сонымен қатар ХХІ ғасыр адамына қажетті кейбір кеңестерді ұсынады.
Герт Митринг (Gert Mittring) – 48 жастағы ақылгөй. Ол әзірге Нобель сыйлығын қанжығасына байламаса да, педагогика және психология ғылымдары бойынша бірнеше диссертация жазып үлгерген. Ең басты жетістігі – Митринг ауызша есептеуден тоғыз мәрте әлем чемпионы. Ол бірнеше математикалық рекордтар орнатып, «Гиннестың рекордтар кітабына» да енген. Мәселен, Митринг 12 секундтың ішінде жүздік санның он үшінші дәрежесінің түбірін айтып береді. Лондонда өткен зияткерлік спорт түрлері бойынша қатысқан ол 200-ге жуық күрделі математикалық есептеулерді 3 сағатта шешіп берген.
Митринг болса, бұл салада әркім де жетістікке жете алады дейді. Ол осындай ақыл-кеңестерін жаңа кітабына топтастырған. Оның бірінші кітабы – «Әлем чемпионымен бірге санау» 2 жыл бұрын шыққан еді. Оның сәтті болғаны соншалықты, енді міне, екінші кітабы да («Тыныққан мимен ауызша есептеуден әлем чемпионымен бірге», «Свежая голова с чемпионом мира по устному счету») сұранысқа ие.
«Тыныққан мимен ауызша есептеуден әлем чемпионымен бірге»
«Математикаға қыры жоқ адамдар болады деу қате тұжырым, - дейді Герт Митринг. – Математикалық әрекеттерді интуитивті түрде түсіну туа бітті қасиет. Оны тек жетілдіре беру қажет». Ал не үшін қажет екен? Мәселе осында жатыр.
Ойша есептеу чемпионы үшін бұл – жәй ғана ойын, спорт, көңіл көтеру болып табылады екен.
Ал қарапайым адам үшін мұның барлығы да қағаз-қаламмен, немесе калькулятормен шешілетін түйіндер. «Калькулятор әрқашан да қалтаңда жүре бермейді, - дейді Герт Митринг. – Бұдан басқа, басқа батырманы басып қалсаңыз оңай қателесуіңіз мүмкін». Оның ойынша, санай алмау – оқи алмау немесе жаза алмау секілді ұятты іс екен. Ол өз еліндегі даяшы қыз болсын, немесе көшедегі сатушы болсын, қарапайым есептеуге калькуляторға жүгінетіндігін айтып, таңғалады.
Ойша есептеу – оңай
Ойша есептеу, автордың ойынша, сізге өмірлік қажет қасиет. Мәселен, 80 граммдық қапшықтағы 2,49 еуро тұратын ет қымбат па, әлде 100 грамдық қапшықтағы 2,99 еуро тұратыны ет қымбат па? Мұның барлығын Герт Митринг қайта-қайта санай беруден жалыққан емес, ол өз кітабында да миды жөнімен жұмсау пайдалы екенін баса айтады. Бұлай есептеу жаттығуы есте сақтау қабілетін жақсартады. Ал есте сақтау қабілеті қазіргі адамдардың ең бір күрделі мәселесі. Компьютерлер мен қалта телефондарына қарамастан, бізге қазіргі таңда көптеген сандарды ойда жаттауға тура келеді. Мәселен, пластикалық карталардың пин-кодтары, желідегі идентификатор құпия сөздері, интернет желідегі әріптер мен сандардан тұратын құпия сөздер. Бұл тұрғысында чемпион өз кеңестерін береді:
Сандарды оларға байланысты абстрактілі белгі немесе нышанмен салыстыра жаттау ыңғайлы. Мәселен 1 саны майшамға ұқсайды, ал 2 саны аққуға келіңкірейді. Егер дәл осылай көптеген сандардың нышандары мен белгілерін қосып, жаттап алса, бұл құпия сөзді ұмыту қиынға соғады екен. Герт Митрингтың әдісін қолданып, банк картасының пин-кодындағы 4183 деген санды былай жаттаса әбден болады: шаршы орындықта майшам тұр, терезеден қолында айыры бар әйел көрінеді. Қарапайым ба?
Әрине, құпия сөздері оңай етіп алса да болады, мәселен, 1111 немесе 6666, тіпті кейде туған күн, ай, жыл реті бойынша таңдау да қиын емес. Бірақ алаяқтардың қақпанына түсіп қалмау үшін құпия сөз барынша күрделі болуы керек екенін естен шығармауымыз тиіс. Герт Митрингтың әдісі бойынша, егер құпия сөз сандар мен әріптерден тұратын болса, туған-туысқандардың аты-жөндері, үй жануарларының аттары мен олардың туған күн, ай, жылдарымен байланыстыру дұрыс болмақ. Мәселен, «19Абзал88» немесе «20Барсик07».
Мәселен неміс әскеріндегі тыңшылар қандай да бір құпия сөзді жаттауда өзіндік әдіс ұсынған екен. Онда құпия сөз жазушы белгілі бір сөйлем құрайды. Мәселен, «Адамда екі көз, екі аяқ және бір ауыз бар» деген сөздің құпия шифрі былай беріледі: А2К2АЖ1АБ. Неміс әскерлері дәл осы мысалды әскерлерге қолдануға қатаң тиым салыпты. Ендеше, сізге де бұл мысалдың дым да қажеті жоқ.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: dw.de