Корейліктер бактериялардан бензин алуды үйренді

Оңтүстік кореялық ғалымдар глюкозаны бойына сіңіріп, оның орнына бензин бөле алатын генетикалық өзгеріске ұшыраған бактерияларды жасау әдісіне қол жеткізді.  

Оңтүстік Кореяның ғылым, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ғылыми болжамдар министрлігінің мәліметінше, құрамында осындай бактериялары бар бір литр сұйықтықтан 580 миллиграмм жанармай алуға болады екен.

Алайда осы зерттеумен айналысып жатқан топтың ғылыми жетекшісі профессор Ли Сан Оба жаңа әдістің өндірістік тиімділігінің төмен екендігін, дегенмен қазіргі кезде ғалымдар осы кемшіліктің орнын толтыруға жұмыстанып жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, бұл жанармай алу өндірісінде алғаш рет қолданылып отырған әдіс емес. 2010 жылы америкалық ғалымдар да осыған ұқсас әдіспен биобензин алу технологиясын жасап шыққан болатын. Сол кезде олар бактериялар көмегімен мұнай мен газ құрамына кіретін қаныққан көміртегіні бөліп шығарған еді.   

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: auto.1mag.kz