Белгілі орыс ақыны Марина Цветаева «Танго! Қаншама тағдырды қосып, қаншамасын айырдың сен!?» деп жырлап өткен екен. Ендеше, бүгінгі әңгімемізді көпшіліктің сүйікті билерінің бірі - тангоға арнамақпыз.
Танго (испан. tango) – еркін композициялы, екпінділігімен және ширақ ритмімен ерекшеленетін, жұппен биленетін аргентинаның ұлттық биі.
Тангоның алғаш танымал болып, қанат жайған жері – Аргентина. Кейіннен күллі әлем танитын, сүйсіне билейтін аса танымал биге айналып шыға келді.
Ерте кезде аталған бидің тек қана «криольо танго» деген түрі белгілі болса, бүгінде аргентиналық танго, ургувайлық танго, балдық танго, фин тангосы және көне танго сынды көптеген түрлері кең таралған. Бұлардың ішінен «аргентиналық тангоға» ең алғаш биленген түріне жақын болғандықтан «түпнұсқалық» би деген ерекше баға беріледі.
Тангоның әуені мен би элементтері бірнеше би түрлерінің, гимнастиканың, конькимен мәнерлеп сырағанаудың, синхронды жүзудің әрекеттерімен аздап ұқсас келеді.
Танго биі Буэнос-Айрестегі африкандық көне билер қоғамдастығының арасында да асқан танымалдыққа ие. Өйткені, «танго» сөзі ибибо халқының тілінен шыққан деген пікірлер аз айтылмайды. Африкандықтар бұл бидің алғашында дауылпаз дыбысына сүйемелдеумен шығарылғандығын айтып, тангоны өздерінің билері деп есептейді.
Жалпы, «танго» сөзі 1890 жылдары кеңінен қолданыла бастады. Би алғашында көп бидің бір түрі ғана болғандығымен, біршама уақыттан кейін дараланып шығып, қоғамда жоғары мәртебеге ие болды.
ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында Буэнос-Айрестің бишілері мен оркестрлері тангоның құдіретін паш ету үшін Еуропаға аттанады. Ең алғашқы таныстыру кеші Париж қаласында өткізіледі де, кейіннен Лондон, Берлин сынды көптеген астаналарда көңілді би кештері ұйымдастырылады. 1913 жылы АҚШ, Финляндия жерлерінде өткен көрсетілімдер танго тарихында алтын әріптермен жазылатын сәт еді.
Осы күннен бастап тангоның аты кең жайыла бастады. 1930-1950 жылдар тангоның «алтын ғасыры» деген атаққа ие болды. Бұл кезде Аннибал Тройло, Освальдо Пульезе, Астор Пьяццолла сынды тұлғалар негізін қалаған бірнеше ансамбльдер құрылды.
1983 жылы Нью-Йоркте ашылған "Forever Tango» шоуынан кейін танго сабақтарына қатысушылардың саны күрт көбейе түсті.
2009 жылдың 30 қыркүйегінде танго – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы ретінде жарияланып, әлем халықтарының жоғарғы бағасына ие болды.
Суреттер:teamodance.ru,darinaismakaeva.blogspot.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева