"Қазақтың сөз теңізі" атты топтамада осыған дейін жел атаулары, жан күйін бейнелейтін сөздер, жүйрік ат атауларымен танысқан болатынсыздар. Сол тақырыптың жалғасы ретінде бүгінде назарларыңызға ұзындық пен қалыңдық өлшемдерін жан-жақты талқылауды ұсынғалы отырмыз.
Саусақпен өлшенетін ұзындық өлшемдері:
Елі - саусақтың ені не көлденең қалыңдығы. Сүйем - бас бармақ пен сұқ саусақ аралығы. Сынық сүйем - сұқ саусақтың буыны бүгілгендегі өлшем. Сүйемнің 3/4 бөлігі. Қарыс сүйем - бас бармақ пен ортан саусақтың арасы. Сере - сұқ саусақ пен шынашақтың созылғандағы арасы. Бір сүйемге тең. Қарыс - бас бармақ пен шынашақтың аралық мөлшері. Кере қарыс - бас бармақ пен шынашақтың кере созылғандағы аралық мөлшері. Жырта қарыс деп те атайды.
Қолмен өлшенетін ұзындық өлшемдері
Білем - саусақтың ұшы мен қолдың бірінші буынының аралығы. Шынтақ - қолдың басы мен шынтақ аралығы. Қолтық - қолдың басы мен қолтықтың аралығы. Кез деп те атайды. Құлаш - иық деңгейінде кере созылған екі қол ұшының арасы.
Аяқпен өлшенетін ұзындық өлшемдері
Табан - аяқтың өкшесі мен башпайдың аралығы. Адым (қадам) - жүру кезіндегі екі аяқтың аралық қашықтығы. Аттам - екі аяқты кере созғандағы қашықтық.
Саусақпен өлшенетін сыйымдылық өлшемдері
Шымшым - бас бармақ пен сұқ саусақпен қысып алынған өлшем. Шөкім - үш саусақтың ұшымен қысып алғандағы өлшем. Бір уыс - саусақтарды жұмдастыра бүккендегі өлшем. Қос уыс - екі қолдың саусақтарын бірге жұмдастырғандағы өлшем.
Дайындаған: Сания Аринова