"Қазақтың сөз теңізі" атты топтамада осыған дейін жел атаулары, жан күйін бейнелейтін сөздер, жүйрік ат атауларымен танысқан болатынсыздар. Сол тақырыптың жалғасы ретінде бүгінде назарларыңызға ұзындық пен қалыңдық өлшемдерін жан-жақты талқылауды ұсынғалы отырмыз.
Саусақпен өлшенетін ұзындық өлшемдері:
- Елі - саусақтың ені не көлденең қалыңдығы.
- Сүйем - бас бармақ пен сұқ саусақ аралығы.
- Сынық сүйем - сұқ саусақтың буыны бүгілгендегі өлшем. Сүйемнің 3/4 бөлігі.
- Қарыс сүйем - бас бармақ пен ортан саусақтың арасы.
- Сере - сұқ саусақ пен шынашақтың созылғандағы арасы. Бір сүйемге тең.
- Қарыс - бас бармақ пен шынашақтың аралық мөлшері.
- Кере қарыс - бас бармақ пен шынашақтың кере созылғандағы аралық мөлшері. Жырта қарыс деп те атайды.
Қолмен өлшенетін ұзындық өлшемдері
- Білем - саусақтың ұшы мен қолдың бірінші буынының аралығы.
- Шынтақ - қолдың басы мен шынтақ аралығы.
- Қолтық - қолдың басы мен қолтықтың аралығы. Кез деп те атайды.
- Құлаш - иық деңгейінде кере созылған екі қол ұшының арасы.
Аяқпен өлшенетін ұзындық өлшемдері
- Табан - аяқтың өкшесі мен башпайдың аралығы.
- Адым (қадам) - жүру кезіндегі екі аяқтың аралық қашықтығы.
- Аттам - екі аяқты кере созғандағы қашықтық.
Саусақпен өлшенетін сыйымдылық өлшемдері
- Шымшым - бас бармақ пен сұқ саусақпен қысып алынған өлшем.
- Шөкім - үш саусақтың ұшымен қысып алғандағы өлшем.
- Бір уыс - саусақтарды жұмдастыра бүккендегі өлшем.
- Қос уыс - екі қолдың саусақтарын бірге жұмдастырғандағы өлшем.
Дайындаған: Сания Аринова
С. А