- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Қазақтың сөз теңізі:...
Қазақтың сөз теңізі: жан күйін бейнелейтін сөздер
Алдымен қазақ тіліндегі ұялу мағынасын беретін сөздер мен тіркестерді тізбелеп көрейік: ұялу, қысылу, қызару, ыңғайсыздану, қаны бетіне ойнап шығу, бетінен басу, бетінен оты шығу, жүзі ду ете түсу, жүзі жану, ұялғанынан жерге кіріп кете жаздау, жанын қоярға жер таппау, жерге кіргендей болу, беті күю, кісінің бетіне қарай алмау, жер болу, жер шұқу, жүзі күю, кісінің бетіне қарай алмау, жеті насыры жерге кіріп бетінің суы бес төгілу, т.б-лар.
Ал қайғылы, қаралы болған адамның жан күйін, жылауды қазақ бейнелеп былай деген: жылау, боздау, сықсыңдау, күңірену, аңырау, еңіреу, солқылдау, өңіреу, кемсіреңдеу, зарлау, жыламсырау, еңкілдеу, емсіну, өкіру, кемсеңдеу, булығу, қыстығу, көзінен сорасы ағу, өкіріп-бақырыу, гөй-гөй сала өкіру, ағыл-тегіл жылау, көзден жасы парлау, көзін бұлаулау, көз жасы бұлақ болу, көздің жасын көл ету, көз жасын бұлау, көз жасы омырауын жуу, мұрыннан сорасы ағу, тостағанын жуу, еңірегенде етегі толу, көз жасы кеппеу, көздері боталау, көз жасын сығу, ебіл-дебілі шығу, жылап-сықтау, қоздаған қойдай маңырау, өксу, қыстығу, көңілі босау, жанарынан жас парлау, өшін көз жасынан алу, бір көзінен қан, бір көзінен жас ағу, егіліп жылау, көзін сулау, еңіз-теңіз жылап қоя беру, солқылдап көз жасын төгу т.б.
Көңіл-күйдің жабырқаңқы кезін қазақ: жабығу, қамығу, назырқау, налу, назалану, қайғыру, кею, ренжу, қайғылану, азалану, күйзелу, қасіреттену, қабаржу, жамығу, қырыстану, түнеру, уайымдау, кірбию, көңілі ойсырау, жаны құлазу, көңілі сынық тарту, көңілдің жайлауынан ел кету, көңілі жүдеу, қайғының сызығын тарту, күйзеу тарту, күйзеліс шегу, қабағы сыну, қабағы ауызына түсу, қабағын кірбің шалу, күлкінің ерні кезеру, қабағы қарс жабылу, қабағы келіспеу, еңсесі түсіп жүні жығылу, қырық қабаттану, жаны жадау, кірбең тарту, жасу, сүлмірейю, сүмсию, сүмпию, иығына су кету, салы суға кету, үнжүрғасы түсу, сүлкіні түсу, жігері құм болу, қоға сүйектену, боркеміктену.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: art.eubank.kz
M. Auelkhan