Қазақстандық ғалымдар күйікті емдеудің инновациялық жолын тапты

Қазақстандық ғалымдар күйікті емдеудің инновациялық жолын тапты

Қазақстандық ғалымдар органикалық тері жасап шығып, сол арқылы күйікті емдеудің жолын тапты. Бұл туралы Tengrinews.kz сайтына Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов айтып берді.

Препаратты дайындау жұмыстары 2011 жылы аяқталған екен. Сол уақыттан бұл әдіс Республикалық жедел жәрдем көрсету орталығында тексеруден өтті. Препарат денесін түрлі деңгейде күйік шалған 10 пациентке қолданылды. Нәтижесінде жасанды терінің күйікті қалпына келу уақытын екі есеге қысқартатындығы белгілі болған. Ғалымдардың айтуынша, жаңа препаратты бүкіл денесін күйік шалған жандар мен донорлық теріні қажет ететін пациенттерге де қолдануға болады.

Технология адамның тері жамылғысының кішкене бөлігінен фибробласттар (тері клеткасы) жасап шығаруға негізделген. Айта кетелік, адам денесіндегі түрлі жарақаттардың өздігінен жазылуы осы клеткалардың өз бетімен көбеюге қабілеттілігімен түсіндіріледі. Биотехнологтар зертханада клеткалардың көбею процесін жылдамдату технологиясына қол жеткізе алды.

Препарат спрей түрінде дайындалған. Сұйықтықты жарақат үстіне шашу арқылы дәрігерлер оның тез жазылып кетуіне қол жеткізе алады.

Ғалымдар клеткалық терапиядағы инновациялық технология алдағы уақытта республиканың барлық медицина орталықтарына таралуына үмітті екендіктерін айтуда. Препаратты нарыққа енгізуге толығымен дайын екендігін айта кетелік.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: prochemica.com