Ресей федералды ғарыш агенттігі қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтың 2015 жылдың қыркүйегінде ғарышқа ұшырылатын экипаж құрамына енгізілгенін ресми хабарлады. Айымбетов британдық әнші Сара Брайтманның орнына ұшатын болады.
Айта кетейік, белгілі әнші ғарыш туризміндегі алғашқы еріктілердің бірі болуды мақсат етіп, он күндік сапарға 52 миллион АҚШ доллар төлеуге дайын екенін хабарлаған болатын. Кейіннен қаржылық тұрғыдан шамасы келмейтінін айтып, сапардан бас тартады. Росғарыштың ресми ақпаратына сүйенсек, қазақ ғарышкері қысқа уақытқа жоспарланған экспедицияға дайындығын бастап кеткен.
Құрамында орыс ғарышкері Сергей Волков (Росғарыш), астронавт Андреас Могенсен (Еуропа ғарыш агенттігі) және Айдын Айымбетов (Казкосмос) болатын экспедицияны орбитаға жеткізетін Союз ТМА-18М ғарыш кемесі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылады.
Айта кетейік, Сара Брайтманның орнына жапон бизнесмені Сатоси Такамацу ұшуы мүмкін болған. Дегенмен оның да қаржылық проблемалары болып, бас тартады. Содан кейін экипаж мүшесі ретінде қазақ ғарышкері қатарға қосылды.