Бірнеше жыл бойы қажырлы еңбек пен ғылыми зерттеу жұмыстарының жүздеген тәжірибелері нәтижесінде NASA агенттігінің инженерлері қатерлі ісік жасушаларын анықтайтын құрылғыны ойлап тапты. Құрылғы смартфонға қосылатын мобильді қондырғы негізінде орындалған.
Амес ғылыми зерттеу орталығының ғалымы Цзин Ли бұл ноу-хау жайлы былай дейді: "Осы құрылғы өлшемдері пошта маркасымен пара-пар келетін чип негізінде құрастырылған. Чипте орналасқан 32 сенсордың әрқайсысы әр түрлі наноматериалдардан жасалғандықтан, әр сенсор қатерлі ісік жасушаларының химиялық құрамын анықтай алады"
Қазіргі уақытта құрылғы сынақтан өтуге толықтай дайын. Модуль смартфонға бекітілетін пластик корпуста орналасқан. Қатерлі ісік жасушаларын анықтайтын қондырғы қандай смартфонмен жұмыс істейтіні жайлы NASA ғалымдары айтпағанымен, суреттен аңғарғанымыздай бұл iPhone болмақ. Егер де бұл жоба ойдағыдай дамып кетсе, құрылғыны басқа да кең қолданыстағы смартфондарға бейімдеуге болатыны анық.
Алғашқыда бұл технология зымыран отынының ауаға төгілу орындарын анықтау мақсатында ойластырылған. 2008 жылдан бастап зымырандарда ауа сапасы мен құрамындағы формальдегидті анықтау үшін қолданылып келеді. Келешекте технологияның зерттеу аймағы бұдан да кеңейе түспек. Мысалы бұл технологияны қант диабетімен ауыратын адамдардың қан деңгейін анықтауда қолдануға болады.
Егер жоғарыда айтылған қондырғының тиімділігі мен жұмыс істеу дәлдігі ойдағыдай болса, жақын арада қатерлі ісік ауруына шалдыққан көптеген адамдардың өміріне араша болары анық. Тек ғалымдар осы жолдан таймасын деңіз.
Сурет: 3dnews.ru