Қалампыр - бейкүнәліліктің нышаны

Қалампыр - бейкүнәліліктің нышаны

Жанымызды жадыратып, қуаныш сыйлаудан шаршамайтын тіршілік иелері - гүлдер туралы әңгіме кімнің болсын көңіл-күйіне жақсы әсер етеді. Бүгінге дейін сіздермен олар туралы аз әңгіме қозғаған жоқпыз. Ендеше, қалыптасқан дәстүрміздің қаймағын бұзбастан гүлдер туралы баяндауды жалғастырамыз. Кезек қалампырға жетіпті...

Қалампырдың тарихы

Есте жоқ ерте заманда Диана атты құдай сәтсіз өткен аңшылық сапарынан көңіл-күйі түсіп, мазасызданып келе жатады. Кенет орман жиегінде сыбызғы тартып көңілді отырған бақташы қызға көзі түсіп кетеді. Ай десе аузы, күн десе көзі бар бойжеткенге зығырданы қайнаған Диана: «Сенің сыбызғыңның кесірінен маған олжа болуға тиіс қыр құстарының барлығы үркіп кетті, сондықтан сені жазалаймын!» деп айыптай бастайды. Ештеңеден хабары жоқ бақташы қыз кінәсі жоқтығын айтып ақталады, аяуын сұрап жалынып-жалбарынады. Алайда, көзін шел басқан Диана одан сайын ашуланады да қыздың екі көзін ойып алады.

Арада біраз уақыт өткен соң, ол өз-өзіне келеді де, өкініштің улы запыраны өзегін өртей бастайды. Бәрі де кеш еді... Сонда ол өз айыбын аздап болсын жуу үшін және бақташының есімін тарихта қалдырмақ болып, екі көзді жерге лақтырып жібереді. Сол сәтте көздердің орнына екі қалампыр гүлі өсіп шығады...

Осы оқиғадан орын алғаннан бері қалампыр - бейкүнәліліктің нышаны болып келеді екен.

Қалампырдың мәртебесі

Ежелгі Қытайда қалампырды хош иісі үшін қатты құрметтеген. Хан сарайына кіріп, ханмен кездескісі келген қарапайым халық қалампыр күлтесін шайнауы тиіс. Өйткені, күзетшілер олардың аузынан қалампыр иісінің шығып тұруын қадағалаған екен.

Францияда қалампырдың мәртебесі раушан гүлімен бірдей саналған және француздық сәнқой ханымдар қалампыр күлтелерімен көйлектерін, қалпақтарын сәндейтін болыпты.

Ағылшындықтар қалампырды У. Шекспирдің шығармалары арқылы танып, жақсы көріп кеткен екен.

Ал Испанияда қызыл қалампыр теріс күштер мен сәтсіздіктерден сақтайтын бойтұмар ретінде бағаланады. Жас қыздар әскерге аттанып жатқан сүйіктілеріне қалампыр гүлін береді. Себебі олар қалампыр бәле-жаладан сақтайды деп сенеді. Кейбір елдер қалампырды махаббаты нышаны санап, тек қана ғашық жандар сыйлайтын гүл ретінде танып, қадірлеп жатады.

Сіз қалампыр гүлін сыйға алып көрдіңіз бе?

Суреттер:prettywoman.ucoz.ru,liveinternet.ru,goodfon.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева