Жаз шыға салысымен, көрікті мекендерге саяхаттау, суға шомылу, сонымен қатар, тауға шығу маусымы да басталатыны белгілі. Саяхат кезінде қауіпсіздік ережелерін басты назарда ұстаған дұрыс. Осы тұста айтпағымыз, тауға шығар алдында “сақ бол”, кейде “қалақай шағып алмасын” деп сақтандырып жатады. Шын мәнінде қалақайда қандай сыр бар?
Қалақай – еліміздің барлық өңірінде кездесетін өсімдік. Биіктігі 1 метрдей болады. Сабағы тік, жапырақтары өркенге қарсы орналасады. Жалпы бұл өсімдікті түгелдей күйдіргіш безді түктер жапқан. Безді түктер денеге тисе, түктің ұшы морт сынып, түбіндегі (ішіндегі) сұйықтық дереу денеге жайылып күйдіреді. Бізді сақтандырудағы айтқан "қалақай шағып алмасын" деген осы. Өйткені оның теріге тиген жері дуылдатып, иненің ұшы кіргендей күй кешіреді. Медицинада қалақайды тағам ретінде де пайдаланады. Бұл өсімдіктің құрамында ақуыз, сондай-ақ К, С, В витаминдері, минералды тұздар және әртүрлі органикалық қышқылдар болады. Халық медицинасында жаңа жұлып алған жас жапырағын сүйелге жапсырып, ем жасайды.
Қалақайда тағы қандай сыр бар?
Ұлыбританияда қалақайдан шарап жасайды. 3000 литр шарап алу үшін 40 келі қалақай жапырағы қажет екен. Қалақай талшықтарынан мата да жасалады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс әскерлерінің киімі осындай матадан жасалған. Англиядағы Маршвуд елді мекенінде жыл сайын өткізілетін қайырымдылық сыра фестивалінің шеңберінде қалақай жеуден әлем чемпионаты өткізіледі. Қалақайды жеу пайдалы, өйткені оның құрамында магний, кальций және темір бар. Бұлар адам денсаулығына аса пайдалы. Қалақай – көбелектің екі түрінің (репейница және адмирал) басты азығы, егер қалақай болмаса, бұл екі көбелек түрі болмас еді. Қалақайды халық медицинасында ұстамалы ауруларды емдеуге пайдаланады. Қалақай кез келген жерде өсе береді. Тек топырақ құрамында фосфат жеткілікті болса болды. Азықтық өнеркәсіпте қалақайдан жасыл бояғыш жасайды. Қалақайды жүкті әйелдерге және жүрек талмасымен ауыратын адамдарға жеуге болмайды.
суреттер: magiatrav.ru,pora-na-dachu.ru
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай