Портсмут университетінің (Англия) ғалымдары тас мүсінді жылан бейнесін тапты. Зерттеушілер сүйек қалдықтары жабысқан тасқа мұқият қарай отырып, оның төрт аяғы бар екенін анықтаған. Демек ертеректе өмір сүрген жыландар бауырымен жорғалаушы болған. Кейін эволюциялық жолмен қазіргі жылан кейпіне ауысқан. Бұл туралы америкалық CNN ақпараттық ресурсы хабарлады.
Бұл осыған дейінгі жасалған ғалымдар болжамын растайды. Расында жыланның бауырымен жорғалаушы болғанына сену қиын. Дегенмен ғалымдар мұны нақты дәлелмен көрсетіп отыр. Енді ағылшын зерттеушілері тас мүсіннің көмегімен жыланның аяқтары қалай жоғалып кеткенін анықтайтын болады. Зерттеу жұмысының нәтижесі Science ғылыми журналында жарияланды.
«Жыландардың бауырымен жорғалаушыларға туыстық жақындығы бар деген гипотеза жоққа шығарылған болатын. Енді бұл теорияны қайта дамытуымызға тура келеді. Жыланның аяқтары шамамен бір сантиметр болады. Ендігі мәселе, жыланның неге бауырымен жорқалаушылардан бөлінгені мен оның нақты қай түрінен келіп шыққанын дәлелдеу. Сонымен қатар, оған әсер еткен әртүрлі табиғи факторларды анықтау керек. Ал жыланның тас мүсінмен табылуы оның жерде тіршілік еткенін көрсетеді. Сондықтан біз білетін жылан суда өмір сүретін бауырымен жорғалаушылардан келіп шықпағанына сенімдіміз», - дейді Портсмут университетінің профессоры Дэйв Мартилл.
Жыланның тас мүсіні Бразилиядан табылған. Ғалымдардың айтуынша, ол шамамен 110 миллион жыл бұрын өмір сүрген. Бұл көрсеткіш оны өте ертеде өмір сүрген жыландар категориясына енгізеді. Профессор Мартилл бұл таңғажайып полеонтологиялық жәдігерді Solnhofen (Германия) музейінің студентімен тәжірибе жұмыстарын өткізіп жатқан кезде тауып алған.
Tetrapodophis amplectus атауына ие жыланның ұзындығы небәрі 20 сантиметр. Оның басы қазіргі жыландардың ең кішкентай тұқымдасымен сәйкес келеді. Бір қызығы, жыланның ішінде соңғы жеген азығының қалдықтары табылған. Ғалымдар қалдықтың саламандра екенін айтады. Демек бұл жылан жыртқыштар тұқымдасына жатқан.