"Жылан жылы құт-береке әкелсін" дейік. Қазақ тарихына көз салсақ, ескі заманнан бері жылан жылы аса ауыр болмаған сыңайлы. Қазақ тарихындағы молшылық, байлық әкелген жылдар осы бір бауыры суық жануармен тұспа-тұс келетін сияқты. Осы ғасыр басталғалы бері адамзат атаулының жыландармен болған түсінісуі арта түскен сияқты. Әр елде жылан бағатындар жайлы хабар үнемі көрсетіліп тұрады. Тіпті еліміздің солтүстік өңірлерінде де түсі түгілі, аты суық жануардың бағбандары көбейе бастаған. Төменде сіздерге адамзат пен жыландар достығы жайлы суретті хабарлар топтамасын ұсынамыз.
2009 жылы 31 желтоқсанда түсірілген
Австралиялық Хэйли есімді бүлдіршін өгей әкесі баққан Мюррей атты жыланмен жақын дос екен. Бұл жыланның ауырлығының өзі Хэйлидің дене салмағынан ауырлау. Ал ұзындығы оның бой биіктігінің үш есесіндей. Бұл екі дос кейде ренжісіп те қалады екен. Ондайда Мюррей досының төсегіне өзі іздеп келіп, қыр соңынан қалмай қояды екен. Оның әкесі: «Бұл жылан ежелден адамға зақым тигізіп көрген жоқ. Тіпті мінезі де салмақты. Мен оның жанында қызымды өте қауіпсіз сезінемін» дейді.
2004 жылы 24 мамырда тілшілер түсірген сурет
Қытайдың Хай Нан аралының тұрғыны Хуаң Кэй Ниңнің ауырлығы 100 қадақ болатын анаконда баққанына ұзақ жылдар болған. Бұл сүркейлі жылан бағбанның ұлы туылғаннан бастап жақын дос боп кеткен. Тіпті ата-анасы үйде жоқ күндері бұл жылан табиғи «бала бағушыға» айналып, оның қауіпсіздігіне кепілдік етеді екен. Былай қарағанда ертегі секілді болғанымен, екеуінің достығы шынында да таңғаларлықтай. Оның ұлы біресе жыланға мініп алып, біресе алысып ойнайтын көрінеді.
Каджол Хан көзілдірікті жыланмен бірге
Мына суреттегі индиялық бүлдіршін қыз Каджол Хан «жылан тілін білетін қыз» атанған. Ол өзі баққан жыландармен ғана емес, бейтаныс, адамға үйретілмеген улы жыландармен де жақын дос боп кете барады. Ол тіпті осы жыландармен ойнау үшін сабақтан да қашып кететін күндері болады екен.
Эдвард Мерсера өзі баққан алып жыланмен бірге. 2012 жылы 24 наурыз
Американың Флорида штатындағы жылан аулаушы Эдвард Мерсера есімді азамат бала күнінен бастап жыландар өміріне қызыға бастаған. Ол үйінде баққан сары түсті жылан – жер бетіндегі ең алып жыландардың бірі. Оны жергілікті тұрғындар «Айдаһар көндіруші» деп атайды екен. Оған жергілікті үкімет алып жыландар көндіруге құқық берген. Ол «жыланда да өзге жануарлар секілді мінез болады. Бір түрдегі алып жыландардың ішінде де тентегі, бұзығы, ақылдысы, момындары бар. Ең тентек, ең сүркейлі жыландарды да көндіруге болады» дейді.
Путран өзі баққан жыландармен. 2011 жыл 10 маусым
Суреттегі индонезиялық азамат Путраны да жұрт жылан тілін біледі деседі. Ол кез келген жыланды өне бойына шырмап алып, жұртты таң қалдырады. Әдетте үйінде өзі баққан 30 түрлі жыланмен бірге өмір сүреді екен. Бұл жыландардың кейбірі өте улы болып, тек бір рет тістеген сәтте тіл тартпай кетуіңіз әбден мүмкін екен.
«Жыланға табыну» мерекесінен бір көрініс
Қытайдың Фу Жиан өлкесі Нан Пың ауданындағы тұрғындар жыл сайын «жыланға табыну» мерекесін өткізіп тұрады. Ондағы жергілікті тұрғындар ешқашан жыланнан қорықпайды. Әр жылы осы мереке қарсаңында жас балалар қолына, мойнына жылан орап саяхатшыларды баурайды. Олардың айтуынша «жыланға табыну» салтының мың жылдық тарихы бар екен.
Жылан пірі - Сью Коулман
Англияның Лондон қаласының тұрғыны Сью Коулман есімді әйел нағыз «жылан пірі» деуге лайық. Ол үйінде 45 түрлі жылан бағады екен. Ол 17 жылдан бері осы саламен айналысып келеді. Оның шағын бау-бақшалы саяжайы жылан ордасына айналып үлгерген. Оның ішінде анаконда секілді алып жыландардан бастап, екі кішкене бидай жыланына дейін бар.
«Жыланмен достасу» ғылыми-талқы жиналысы
Қытайда 2010 жылы 21 қарашада 5-кезекті «жыланмен достасу» ғылыми-талқы жиналысы өткізілді. Жер-жерден келген 140-қа жуық жылан баптаушы маман жылан бағу, жыланмен достасу, жыландардың мінез-құлқы, жыландарды қорғау туралы пікір алмастырды.
Үрейлі сұлулық
2007 жылы 18 тамызда Берлин қаласындағы киім-кешек көрмесінде бір сәнгер әйел өзімен бірге ерекше алып жыланды сахнаға алып шықты.
Эммануэль Танко алып жыландармен бірге. 2013 жылы 3 ақпан
Филиппин елінің Малабон қаласындағы хайуанаттар бағының бастығы Эммануэль Танконың өзі баққан жыландары жатын бөлмесінде қайшыласып жатады. Ол осыдан бұрын бірнеше рет жыландарды қорғау жөнінде әр түрлі шаралар өткізген болатын.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: couriermail.com, xinhua.net, huffingtonpost.com,
baidu.com, burmesepythonhunter.blogspot.com