Жыл бойы Интернетсіз өмір сүре алар ма едіңіз?

Жыл бойы Интернетсіз өмір сүре алар ма едіңіз?

Сіз бір жыл бойы Интернетсіз өмір сүре алар ма едіңіз? Ал ақшасыз немесе қантсыз ше? Жігерлерін барынша сынап көрмек болып, өз өмірін экспериментке айналдырған адамдар да өмірде кездеседі екен. Ендеше солармен жақынырақ таныссақ. 

Ер кісі бір жыл Интернетсіз өмір сүріп, тірі қалыпты!

Өзінің көптеген құрбы-құрдастары секілді Пол Миллер де өмірінің едәуір бөлігін Интернетте отырумен өткізіпті. Өзі үшін Интернетті тұңғыш рет 12 жасында ашса, 14 жасқа келген шағында веб-дизайнері ретінде қызмет атқарып жүрген. Алайда 26 жасында Миллер өміріне бір нәрсенің жетіспейтінін түсінеді. Сол  себепті ол нағыз батыл қадам жасауға, ал кейбіреулердің түсінігінше, барып тұрған жан түршігерлік әрекетке баруға бел буады – жыл бойы оффлайн болу үшін Интернетті өшіріп тастайды. Әрине осы уақыт ішінде ол мұндай өмірдің бірқатар плюсы мен минусын аңғарып, өзі үшін тосын әрі қызық жаңалықтардың шетін ашты.  Дегенмен, енді Полдың оффлайнға ұзақ уақыт бойы кетпейтінін сеніммен айтуға болады.

Эй Джей Джэйкобс - өмірін «Эксперимент» күйінде өткізген журналист

Эй Джей Джэйкобс (A J Jacobs) «Esquire» журналының журналисі, философы әрі әлеуметтік экспериментшісі. Ол он жылдан аса уақытты өзіне ерекше сұрақ қоюмен өткізіпті. Мәселен, «Мен қаншалықты сап-сау бола аламын?», «Джордж Вашингтонның өмір ережесімен өмір сүруге бола ма?». Осы уақыт ішінде ол төрт кітап шығарып, өзінің бірегей проблемаларына қатысты журналдарға көптеген мақалалар жазған екен. Оның ең танымал топтамасы «Менің өмірім эксперименттік үлгіде» деп аталады. Ол жерде автор еңбегінің көптеген аспектілерін теріске шығарған жарының сыны берілген.

Қантсыз өмір сүретін әйел 

Қант. Кейбір зерттеу жұмыстарына сәйкес, ол диабет, семіру, кариес және денсаулыққа кері әсерін тигізетін басқа да аурулардың тууына себепші болып саналады. Қант сонымен қатар, кез келген азық-түліктің құрамында кездесетін ингредиент. Осыны біле тұра, сіз қанттан бас тартар ма едіңіз, дұрысырақ айтқанда, сіз одан бас тарта алар ма едіңіз? Дей тұрғанмен, қанттан бас тарту бір әйелдің қолынан келіпті. Ол 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап қант қолданбайды екен. Өкінішке орай, аталған әйел белгісіз қалуды жөн көріпті.

Сұйық концентратты ас қылатын еркек

Роб Райнхарт - әлемнің ашаршылық мәселесінің алдын алуға кіріскен әуесқой химик. Сондықтан болар, ол қатты тағамның орнын басатын арзанырақ әрі құнарлығы күн сайын қолданып жүрген астан кем түспейтін альтернативаны ойлап табуға бел буыпты. Көптеген тәжірибелерден соң, өзі «Сойлент» деп атайтын сұйық асты жасап шығарған. Робтың айтуынша, тек Сойлентпен тамақтану арқылы ол 30 күн өмір сүрген, алайда көптеген скептиктердің сөзіне сенер болсақ, аталған тәжірибелер күмәнді де қауіпті екен. Дей тұрғанмен, Роб өз дегенінен қайтар емес және өз еркімен келген қатысушыларға сынақ өткізуге жоспар құруда. Ол сонымен қатар, ашаршылыққа ұшыраған адамдарды тамақтандыру идеясына қаражат жинау үшін «Kickstarter» жобасын да бастамақ.

Германия азаматшасы 16 жыл ақшасыз өмір сүріп келген

Хайдемари Швермердің отбасы дәулетті болған. Олар кофе дәндерін қуыратын аппараттардың иелері болыпты. Бірақ Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде соның бәрінен айырылып қалыпты. Хайдемари 50 жастан асқан тұста, бір жыл бойы ақшасыз өмір сүру экспериментін өткізуді шешеді. Өзінде барының бәрін, соның ішінде жеке пәтерін елге таратып, тек шағын ғана шабаданмен қалады. Бүгінде оның осылайша өмір сүргеніне 16 жыл болыпты.

Даниэль Суэло қоғамнан алыстап, тайпа құрыпты

Даниэль Суэло да ақшасыз сүреді екен, бірақ Хайдемариге қарағанда, ол бүгінгі өмірдегі барлық жайлылықтан бас тартқан. Ол Юта штатының жабайы даласында мекендейді. Өз күнін көру үшін Даниэль айырбаспен айналысады және қоғамдық көмектен бас тартады. Бірақ сонда да Интернетке шығу мүмкіндігінен бас тарта қоймапты.

70 жыл су мен ассыз өмір сүрген йог

Егер Прахлад Джанидің сөзіне сенер болсақ, ол су мен астан мүлдем бас тартыпты. Чунривала Матаджи ретінде де танымал болған Джани тамақ пен суды қабылдауды 12 жасынан бастап тоқтатқан. Қазір ол 85-ке келген және үңгірде өмір кешуде. Сөзінің растығына көз жеткізу мақсатында Үндістанның ауруханасында екі зерттеу жұмысы өткізілді. Оның бірі 2003 жылы болса, енді бірі 2010 жылы. Алғашқы тәжірибе 10 күнге жалғасқан, ал екіншісі 15 күнге созылыпты. Үндістандық азамат екі тәжірибені де ауа кірмейтін дәретханасыз бөлмеде өткізіпті, оған тек аузын шаюға ғана рұқсат берілген екен. Дәрігерлердің айтуынша, ол екі тәжірибеден де өткен, еш тамақтанбаған, дәретке де отырмаған.

Отбасы бір жыл бойы Қытайдан шыққан тауарды сатып алудан бас тартқан

Бұл идея протекционизм не болмаса нәсілдік өшпенділікке қарсы бағытталған идея болмаған. Керісінше, Сара Бонджорни АҚШ тұрғындарына жай ғана олардың халықаралық сауда жүйесіне тәуелді екендіктерін көрсеткісі келіпті. 2005 жылы ол өзіне Қытай елінің тауарларын бұдан былай сатып алмауға сөз беріпті. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Ж. FM