- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Журналист үшін 7...
Журналист үшін 7 кеңес (2 бөлім)
Оқырмандарымыздың сұранысы бойынша, болашақ журналистерге, журналистика жағалауында жүрген жас мамандарға кеңестерімізді ұсынуды жалғастырамыз. Бүгінгі кеңестер ақпаратқа қол жеткізу барысында қойылған тыйымдар мен ережелер туралы болмақ.
Журналиске ауызша ақпарат алуына бола ма, әлде ақпарат міндетті түрде жазбаша сұрала ма?
Еліміздің негізгі заңы – ҚР Конститутциясы сөз бостандығына кепілдік беріп, әркімге заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқы бар екенін айтып отыр. Ал БАҚ-тардың қызметін реттейін «БАҚ туралы» заңда: «Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенімдерін баспа арқылы және де өзге нысанда білдіруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдіспен алуға және таратуға құқық беріледі» деп айтылған.
Ал ақпарат сұрауға келетін болсақ, ҚР заңдарында ақпаратты тек жазбаша түрде сұрау керек деп еш жерде айтылмаған. «БАҚ туралы» заңның 18-бабы 2-1 тармағында: «Мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар сұралып отырған ақпаратты (жазбаша немесе ауызша) өтініш түскен күннен бастап үш күннен кешіктірмей беруге не беру мерзімін немесе беруден бас тарту себебін көрсете отырып жауабын беруге міндетті. Қосымша зерделеуді және тексеруді қажет ететін өтінішке жауап ол келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей берілуге тиіс» деп жазылған. Ең бастысы, журналист ақпарат алған не ала алмаған кезде (ауызша немесе жазбаша), сол адамға сұрақпен шыққанын көрсететін дәлелдер тауып қоюы керек, себебі кейін сотқа шағымданатын болсаңыз, сол дәлеліңіздің маңызы зор болмақ.
Журналист сұхбат барысында диктофонды қосуға рұқсат сұрау керек пе?
Журналистің міндеттері мен құқықтары ҚР «БАҚ туралы» заңында көрсетілген. Оның 21-бабында журналистің міндеттері толық аталады, ал 4-1 тармақта «Азаматтармен сұхбат жүргізген кезде дыбыс немесе бейнежазбаны пайдалануға келісім алуға міндетті» делінген. Сонымен қатар, БАҚ туралы заңның 16-бабы 2-тармағы: БАҚ-тардың (теледидар, радио хабарларын тарату) редакциялары эфирге шығарған өз хабарларының жазбаларын бір ай бойы сақтауға міндетті деп көрсеткен.
Қандай ақпаратты журналиске беруге болады? Және қандай ақпараттарды жариялауға заң рұқсат етпейді?
ҚР Конститутциясының 20-бабы әркімге заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқық береді. Қандай мәліметтер мемлекеттік құпия болып саналатын заңмен белгіленген. Сонымен заңның 2-бабы жол бермейтін «жабық ақпараттар»:
- Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді, заңмен қорғалатын өзге де құпияларды;
- Экстремизм мен терроризмді насихаттап, ақтауға;
- Антитеррористік операциялар жүргізілген кезде, олардың техникалық тәсілдері мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға;
- Есірткі, психотроптық заттарды, перекурсорларды, сондай-ақ порнографияны насихаттауға;
- Сондай-ақ, банк құпиясы ҚР «Банк және банк қызметі туралы» заңмен қорғалады, адвокаттық құпия ҚР «Адвокат қызметі туралы» заңмен қорғалады және т.б.
1999 жылы 15 наурызда қабылданған ҚР «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңының 17-бабында құпиялауға жатпайтын мәліметтер тізімі берілген:
1) Азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіретін төтенше жағдайлар мен апаттар және зардаптары туралы, сондай-ақ табиғи зілзалалар, олардың ресми болжамдары мен зардаптары туралы;
2) Экологияның, денсаулық сақтаудың, санитарияның, демографияның, білім берудің, мәдениеттің, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы, сондай-ақ қылмыстың жай-күйі туралы;
3) Мемлекет азаматтарға, лауазымды адамдарға және ұйымдарға беретін артықшылықтар, өтемақылар және жеңілдіктер туралы;
4) Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактілері туралы;
5) ҚР Ұлттық банкі алтын-валюта активтерінің және бағалы металдар мен асыл тастардың үкіметтік резервінің мөлшері туралы;
6) Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының заңдарды бұзу фактілері туралы;
7) Осы заңның 14-бабында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, саяси, әлеуметтік және басқа себептер бойынша жаппай қуғын-сүргіндер туралы, соның ішінде мұрағаттарда жатқан мәліметтер құпияландырылмауға тиіс.
Мемлекеттік емес кәсіпорындардан ақпарат алуға журналистің құқығы бар ма?
ҚР заңдары мемлекеттік емес кәсіпорындарды ақпарат беру міндетінен босатпайды, әрине, жабық және шектеулі ақпараттан басқаларына. ҚР «БАҚ туралы» заңының 20-бабында: «Журналиске мемлекеттік органдарға, барлық меншік нысандарындағы ұйымдарға баруға және өзінің қызмет бабындағы міндеттерін жүзеге асыруға байланысты ондағы лауазымды адамдардың қабылдауында болуға құқығы бар» делінген.
Жасырын камерамен түсірген жазбаларды эфирден көрсету заңды ма?
ҚР «БАҚ туралы» заңның 21-бабы 4-бөлім 4-1 тармағы журналиске аудио-бейне жазбалар жүргізу үшін алдымен олардан келісім сұрауға міндеттейді. Бұдан тыс, азаматтың өзін көрсетпеу-көрсету құқығын ҚР Азаматтық кодексінің 145-бабы да қорғайды. Оның бірінші бөлімінде: «Ешкім адамның түрін оның келісімінсіз көрсетуге құқы жоқ, ал егер ол өлген жағдайда – рұқсатты оның туыстарынан сұрау қажет» деп айтылған. Сол баптың 2-бөлімінде: «Басқа адамның бейнесі салынған көркем сурет шығармаларын да (картина, фотосурет, кинофильм, т.б) сол суретте көрсетілген адамның өзінің рұқсатынсыз көрсетуге болмайды, ал ол өлген жағдайда, оның көзі тірі әйелінің не күйеуінің, я болмаса балаларының келісімін алу керек. Егер заңдармен келісім сұрау көрсетілмесе және ақысы төленіп түскен жағдайда, рұқсат сұрауды қажет етпейді. Сондықтан біреудің суретін келісімсіз БАҚ-қа шығарғанда, өте сақ болыңыз, әйтпесе, сізді сотқа тартып, үлкен көлемде моральдық шығын өтетіп алуы мүмкін.
Телефон әңгімесін газет бетіне жариялауға бола ма?
ҚР заңдары әр азаматқа телефон әңгімелерінің, жеке телеграф, т.б. хабарламаларының құпияда сақталатындығына кепілдік береді. Ол құпиялар тек заңда көрсетілген шеңберде ғана жариялана алады. Мысалы, кейбір жедел іздестіру шараларын жүзеге асыру керек болғанда, онда да прокурордың санкциясымен. Сондықтан бұл жерде журналистің біреулердің жеке өміріне қатысты телефон әңгімесін олардың келісімінсіз жариялауы, әрине, заңсыз. Және ол үшін қылмыстық жауапқа тартылады.
Қожайынның рұқсатынсыз үй жануарларын кадрда көрсетуге бола ма?
Жеке мүліктік емес құқықтар тек адамдарда ғана бар. Оларға ар-намыс, абырой және іскерлік (кәсіби) бедел, сондай-ақ өз атыңа, өз суретіңе жүретін құқық және басқа да мүліктік емес құқықтар кіреді. Ал жануарларда ондай құқықтар жоқ және заңдар олардың сурет-бейнесі қорғамайды.
Жалғасы бар...
Материалды дайындау барысында "Жүз жағдай - жүз кеңес" жинағы пайдаланылды.
Суреттер: kz.otyrar.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева