Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын осы бір кәсіп иелерінің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұл әрине, қуантарлық жәйт. Ал сіз журналист деген кім және оның алғашқы ұшқындарының қалай пайда болғандығын білесіз бе?
Журналист мамандығы қызықты әрі күтпеген кездесулермен, саяхатпен, ақпараттар теңізімен тығыз байланысты және бұл мамандықтың иесі бәрінен де бірінші хабардар болуы керек. Журналист болу – мақсаткер, талапшыл әрі бір уақытта тез тіл табысқыш, ықыласты, бауырмал болу деген сөз. Қоғамдағы құбылыстарды зерттеп-зерделеу жолында өзіңнің күшің мен уақытыңды аямайтын дәрежеге жеткенде, өзіңнің шын талантыңмен оқырманды баурап алатын шабытың шыңдалғанда ғана жақсы журналист бола аласың. Қаламың мен қағазың арқылы қорғансызға пана болып, әділеттік тапқанда, біреуге үміт ұялатқан сәтте осы мамандықтың құдіретін сезінуге болады. Журналистиканың нақты анықтамасы жоқ. Әркім оған өзінше анықтама беруге тырысады.
Мәселен:
Журналистика – романтика...
Журналистика – төртінші билік...
Журналистика – газеттер мен журналдар...
Журналистика – дүрліктіру, таңқалдыру және өтірік...
Журналистика – радио және телевидение...
Журналистика – репортер...
Журналистика – шығармашылық....
Журналистика – ақпарат...
Журналистика бар кезде, оның жемісі қажет болып тұрған бұл тізімді әрмен қарай тоқтаусыз жалғаса беретін болады.
Журналист — бұл жаза алатын адам. Айтпағымыз аспаздыққа арналған кітапқа мәзір немесе туыстарына әдемі құттықтау жазуға икемі барлар емес. Ол әлемде болып жатқан алуан құбылысты зерттеп, саралай алатын, оны жазбаша әдемі жеткзіе алатын болуы керек. Құпия толы күнделіктерін, жазбаларын жазу үстелінде сақтап, өзін "қалам шеберімін" деп атайтындар журналист емес. Аталған мамандық иегерлері бұқаралық ақпарат құралдарына, интернет басылымдарға жаңалықтар, фотоесептер, мақалалар дайындайды.
"Журналистика" термині француз тіліндегі «journal» сөзінен шыққан. Бұл – "күнделік", "журнал" деген мағынаны білдіреді. Ағылшын тілінде осыған ұқсас «journalism», неміс тілінде «Journalistik» деген сөздер бар. Ел аузында журналист мамандығын "екінші көне" мамандық деп атау қалыптасқан. Сөздің жаны бар, себебі Ежелгі Рим мен Грекия жерінде "журналистер" – шешендер, жаршылар мен хабаршылар бар болатын. Олар патша жарлығын халыққа жеткізу үшін қызмет ететін. Ежелгі Египеттегі перғауындар сарайында папирустан оралған газеттердің шығып тұрғандығы белгілі. Рим жерінде Юлий Цезарьдың айтқандары бірнеше дана болып жазылып, халыққа таратылғандығы да тарих беттерінде айтылады.
Нағыз репортерлік қызметті француздар дамытты. Олар алғашында қала көшелеріне жиналып, Париж жаңалықтарымен бөлісетін, кейіннен олардың арасынан жаңалық таратумен арнайы айналысатын адамдар бөлініп шыға бастады. Ең алғашқы "журналистерді" бай париждіктер арнайы шақыртып, ақпарат сұрайтын болған.
Ал нағыз журналистика баспа үйлері ашылып, кітап басып шығару үрдісі дамығаннан кейін пайда болды. Алғашқы газеттерде саудагерлер және олардың тауарлары, сауда жолдары, тауар бағасы жазылатын еді.
Қазақ баспасөзі ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысы аралығында қалыптасты. Қазақ баспасөзінің де халықтың саяси ой–пікірін оятып, дүниетанымын байытуға едәуір әсері болды. Газеттің ақпарат жеткізуші, үгіт–насихат саласындағы қызметі жөніндегі А. Байтұрсыновтың: “Газет –халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды” (Қазақ, 1898, №10) деуі, газеттің әлеуметтік–қоғамдық өмір саласындағы алатын орнын, қызметін нақты бағалаудан туындаған.
Алдымен аударма ретінде шығып, бірте-бірте дербес газет дәрежесіне дейін жетіп, қазақ тілінде шығарылған «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен «Дала уалаяты» газеті (1888-1902) қазақ баспасөзі тарихының алғашқы бет ашарлары деп есептелінеді. Оның ізімен пайда болған «Серке», «Қазақ» газеттерінің, «Айқап» журналының қазақ баспасөзін дамытудағы орны өте ерекше.
Бүгін – байланыс және ақпарат қызметкерлері күні. Ендеше, осы саланың төңірегінде жүрген, сөз, қоғам және ар жауапкершілігін арқалаған мамандық иелерін төл мерекемен құттықтаймыз. Өз оқырмандарыңыз бен көрермендеріңіздің, тыңдаушыларыңыздың таңдаулысы болып қала берулеріңізді тілейміз!
Суреттер:anatili.kz,www.trkterra.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева