Жұмыртқа ұрпақ. Оның құрамы, адам ағзасына пайдасы, оның даму сатысы таныс болғанымен, кейде жұмыртқа деген не? десе, жауап таба алмай қиналып қаламыз. Жұмыртқаны тек құстар ғана баспайды, балықтар, кесірткелер, бақаның түрлері, құрттар тіпті кей сүтқоректілердің де көбею нысаны жұмыртқа. Жұмыртқа деген не? Біріншіден, овоцит немесе жұмыртқа жасушасы аналық жыныс жасуша. Ұрықтану немесе ұрықтануды қажет етпейтін патеногенез үрдісі арқылы жаңа ағза дамиды. Ұрық ана жатырында емес, сыртқы ортада дамитын болса, оның сыртын қоршаған қорғаныш қабатын да жұмыртқа деп атаймыз. Мысалы, құстар жұмыртқаны ұяда басады, ал тасбақа жылы құмға көміп тастайды. Кейбір балық пен рептилий кесірткесінде жұмыртқа аналықтың жұмыртқа жолында, яғни ішінде дамиды. Ғалымдардың зерттеуінше, алғашқы жұмыртқаның барлығы суда дамыған. Өйткені, су ортасында даму мүмкіндігі жоғары: ылғалдың жетіспеушілігі мен температураның үздіксіз ауысуы байқалмайды. Жұмыртқаның атқаратын қызметі бір болса да, олардың бейімделу тәсілдері әртүрлі. Мысалы, кейбір балық түрлері өз уылдырықтарын аталықтың не аналықты ұртына сақтайды. Кішкентай шабақтар қауіп төнген сәтте де ата-анасының ұртына кіру арқылы қорғанады. Цихлид балығының жұмыртқасы қарапайым уылдырық. Бірақ, кей балықтардың жұмыртқаларының өздеріне тән ерекшеліктері бар. Мысалы, мысық тектес акуланың жұмыртқасында өзіне тән мүйіздері бар. Бұл оларға су түбіне барып, белгілі бір жер қыртысына бекіну үшін керек. Өйткені, оларды толқын жағалауға шығарып тастауы мүмкін. Ұрық қалай дамиды?Ұрықтың дамуы үшін жұмыртқада өмір сүру мүмкіндігін арттыратын арнайы жүйе бар. Оның ішінде ауаға толы қап бар. Ол демалуға мүмкіндік береді. Саруыз ұрықты тамақпен қамтамасыз етсе, одан бөлек ұрық шығаратын қалдықтарды жинақтайтын арнайы орын да бар. Жұмыртқаның құрылымы олардың қалыптасу кезеңіне тән ортаға байланысты: ауа, су, жер немесе аналықтың жұмыртқа жолы. Мысалы, ауа ортасында дамитын жұмыртқаның басты мәселесі ылғалды сақтау. Сондықтан, жұмыртқаның қатты және хитинді қабығы болады.