"Жұмыртқа бірінші пайда болды ма, тауық па?" Барлығымыз бұл сұрақпен өмірімізде бір рет болса да кездескен болармыз. Сіз қалай ойлайсыз? Ғалымдар бұл сұраққа неге әлі күнге нақты жауап бермей келе жатыр?
Ғалымдар әлем бойынша табылған ежелгі тауық сүйектеріндегі ДНК үлгілеріне талдау жасап, үй құсының ең алғаш Азия құрлығында қолға үйретілгенін растады. Барлығы 92 археологиялық жәдігер зерттелген.
The Telegraph басылымының хабарлауынша, зерттеуге Еуропа елдері, Таиланд, Чили, Доминикан Республикасы және Тынық мұхит аралдарынан табылған тауық сүйектері алынды. Археологиялық жәдігерлердің 48-інен митохондриялы ДНК үлгісін алу мүмкін болды. ДНК талдауы үй құстарының үш туыс топқа жіктелетінін көрсетті: D тобы – Тынық мұхиты ауданы, В тобы – Оңтүстік-Шығыс Азия аумағы, Е тобы – басқа құрлықтар. Зерттеудің нәтижесінде ғалымдар тауық атаулының осыдан 5,5 мың жыл бұрын Оңтүстік-Шығыс Азия құрлығында пайда болғанын растады. Үй құстарының түп негізі Банкив джунгли тауығы тұқымынан тарайды. Ғалымдар ежелгі грек аңыздарында не себепті тауықтың кездеспейтінін енді түсініп отыр. Кейбір еуропалық аңыздарда тауықтар «парсы құстары» делінеді. Сөйтіп, тауықты ең алғаш қолға үйреткен азиялықтар екені дәлелденді.
Ал енді бір мәліметте генетик-ғалым, философия майталманы және құс фермасының қожайыны - үш саланың өкілі бірігіп, бұл сұрақтың жауабын тауыпты деген дерек бар. Олардың шешімі бойынша, дүниеде бірінші болып жұмыртқа пайда болыпты. Ноттингем университетінің эволюциялық генетика маманы Джон Брукфилдтің айтуынша, жануардың гендік құраушысы өмір сүру барысында еш өзгеріссіз қалады. Бұдан шығатыны, қазір біздің тауық деп жүрген құсымызға айналған ең алғашқы құс алдымен жұмыртқаның ішінде эмбрион түрінде болған. Өйткені жұмыртқа ішіндегі тірі ағзаның ДНК-сы сол жұмыртқаны жарып шыққан құстың ДНК-сымен бірдей құрылымда. Осы тұжырымдарды зерттей келе, ол эволюциялық мағына бойынша алдымен жұмыртқа болды деген шешімге келген. Бұл пікірмен Лондон колледжінің профессор-философы Дэвид Папино мен құс фермасының иесі Чарльз Боурнс та келіскен. Дэвид Папино бұл сұраққа бас қатырмай былай ғана жауап берген: ең алғашқы балапан жұмыртқадан шыққан, яғни жұмыртқа балапаннан бұрын пайда болды деген сөз.
Сіздіңше, қайсысы бұрын пайда болды?