NASA ғарыш агенттігінің орбитадағы телескоп қызметін атқаратын астрономиялық спутнигі «Кеплер» Жердің егізін тапты. Kepler-452b атауына ие болған ғаламшар көлемі салыстырмалы тұрғыда Жермен шамалас екен. Бұл туралы NASA ғарыш агенттігі ресми түрде хабарлады.
Жаңа ғарамшар біздің Күнге ұқсас Kepler 452 жұлдызының орбитасында айналады. Kepler 452b Жерден 60%-ға үлкен болып, өз жұлдызын 385 күнде бір рет айналып шығады. Әзірге Жер аналогының нақты салмағы мен құрамы анықталмады.
«Kepler 452b — Жердің үлкен ағасы. Оны зерттеу арқылы біз өз ғаламшарымыздың ашылмаған қырларын таба аламыз. Бұл ғаламшарда тіршілік болуы ықтималдан жоғары», - дейді «Кеплер» ғылыми миссиясының жетекшісі Джон Дженкинс.
Kepler 452b Аққу шоқжұлдызында орналасқан. Ол Жерден 1400 жарық жылына тең қашықтықта жатыр. Ғалымдар ғаламшарды ресми тіркеу кезінде аталған шоқжұлдызда тағы 521 экзоғаламшардың бар болу мүмкіндігін хабарлады.
Айта кетсек, «Кеплер» арнайы Жерге ұқсас ғаламшарларды іздеу мақсатында құрылған. Бұл – әзірге өзіндік миссияға ие ғарыштағы жалғыз телесоп. Телескоп қызметін атқаратын спутник атауы ғаламшарлардың айналу заңдылығын жасаған неміс математигі әрі астрономы Иоганн Кеплердің құрметіне қойылған.