Америка астрономдары ATLAS кометасы Күнге қарай беттеп келе жатқанын мәлімдеді. Бұл XXI ғасырдағы ең жарық комета болмақ. 23 мамыр күні солтүстік жартышардың тұрғындары ешқандай құрылғының көмегінсіз-ақ кометаны көре алады.
Өткен жылдың желтоқсан айында Asteroid Terrestrial-impact Last Alert System (ATLAS) астрономдары ашқан кометі бастапқыда әлсіз көрінген. Алайда бір айдан соң құйрықты жұлдыздың мөлшері төрт еселеніп көрінген екен. Ал 17 наурыз күні комета алғашқы бейнесімен салыстырғанда 600 есе жарығырақ болған.
Астрономдар кометаны Күннен 439 миллион шақырым қашықтықта анықтаған, ал 31 мамыр күні ол Күннен 37,8 миллион шақырым жақын жерден өтеді.
Егер ATLAS қазіргі қалпын сақтап, күннен күнге қуаттана берсе түнгі аспанда Аймен бірдей көрінетін болады. Бұған қоса мамандар ATLAS-тың жарығы 1844 жылы 290 күн бойы Жер тұрғындарына көрінген Ұлы кометамен бірдей болады деген пікірде.
Италия астрономы Алессандро Марчини Youtube-арнасында кометаның қалай көрінуі мүмкін екенін көрсететін видеоны жариялады.
Мамыр айында солтүстік жартышардың тұрғындары түнгі аспаннан жасыл реңді денені тамашалай алады дейді астрономдар.