Жер сілкінісі – геологиялық құбылыс. Олар – кез-келген жерде пайда болуы мүмкін. Жер сілкінісінің ошағы жер қойнауында қалыптасады. Геологиялық ортадағы жылжулар, бірігулер, жарылулар,ортаюлар секілді тез өзгерістер жер сілкінісінің пайда болу себебіне жатады.Әрбір жер сілкінісі кезінде осы жарылыс нәтижесінде жер қойнауында жинақталған энергияның бір бөлігі сыртқа шығарылады. Жер сілкінісінің басты себептері ретінде жер қыртысы платформаларының қозғалысы мен қимылдауын айтуға болады. Мұндай қозғалыстар орын алған аймақ жер сілкінісінің ошағы деп аталады. Ал жер сілкінісі ошағының жер бетіндегі нүктесі эпицентрі болып саналады.
Жер сілкінісінің барысында адамдар қаза болады, үйлер, жолдар, көпірлер, каналдар, тоғандар мен басқа да инженерлік ғимараттар, су құбырлары, канализация, электр беру жүйесі қирайды, байланыс желісі бұзылады, қар көшкіні, сел, сырғыма мен қопарылыс пайда болады. Тау жыныстарынан тастар құлайды, адамдарда үрей пайда болады. Сондай – ақ жер сілкінісімен бірге өрт пайда болады. Геологиялық ортаның экологиясы бұзылады, қопарылма сырғыма, сел тасқыны, т.б.шаруашылыққа қосымша залал әкеледі.
Жер сілкінісінің жіктелуі
Пайда болу тегіне қарай жерсілкіну жанартаулық, денудациялық және тектоникалық болып бөлінеді. Жанартаулық жерсілкіну қазіргі жанартаулар әрекет ететін аудандарда дамыған. Денудациялық жерсілкіну таулы аудандардағы тау жынысы массаларының шатқалдарға құлауынан, жер асты қуыстары мен карст үңгірлерінің опырылуынан және ірі жылжымалардың ықпалынан туындайды.Тектоникалық жерсілкіну литосфераның жекелеген блоктары өзара қозғалысқа келгенде, Жер қойнауында ұзақ уақыт бойы жинақталған механикалық энергияның қысқа мерзімде шұғыл босанып шығуына байланысты болады. Мұндай жерсілкіну — Жер қыртысында ұзынынан созылған жарылымдар жасайды. Жарылым қанаттары ығыстырушы жазықтық бойынша бір-бірімен салыстырғанда, лездік жылдамдықпен ығысуына байланысты, босанып шыққан энергия серпімді тербелістер, яғни сейсмикалық толқындар түрінде жан-жаққа таралады.
Сейсмикалық толқындар таралуына қарай қума, көлденең және беттік толқындар болып жіктеледі. Сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы тау жыныстарының құрамына, құрылымына және физикалық жағдайына байланысты болады. Қума толқындардың таралу жылдамдығы 5 – 6 км/с, көлденең толқындардікі 3 – 4 км/с. Сейсмикалық толқындар туындатушы жарылымдардың ұзындығы бірнеше км-ден (1966 жылғы Ташкент жерсілкінуінде – 8 км) жүздеген км-ге (1960 жылғы Чилидегі жерсілкіну) дейін жетеді. Ал 1957 жылғы Гоби Алтайындағы жерсілкінуде жалпы ұзындығы 700 км-дей жарылымдар жүйесі пайда болған. Жер қыртысында немесе мантияның жоғары бөлігіндегі тау жыныстарының лездік қозғалысқа келуінен жер асты соққысы туындаған орынды жерсілкіну ошағы, ошақтың тереңдіктегі орнын гипоцентр, Жер бетіндегі проекциясында орналасқан ауданды эпицентр деп атайды.
Жерсілкіну Жер қойнауындағы орналасу тереңдігіне қарай:
Жер бетіне жақын (тереңдігі 10 км-ге дейін), орташа немесе қалыпты тереңдіктегі (10 – 60 км), аралық (60 – 300 км) және терең фокусты (300 км-ден терең) болып бөлінеді.Ең көп тарағаны жақын және орташа (Ашғабадта жерсілкінудің тереңдігі 15 — 20 км, Ташкентте 5 — 10 км, Спитакта 10 — 15 км болған) тереңдіктегі жерсілкінулер. Терең фокусты жерсілкіну өте аз тараған(Қиыр Шығыста, Тынық мұхиттың жағалауындағы жерсілкінудің гипоцентрі 600 — 700 км тереңдікке жеткен). Жерсілкіну гипоцентрі теңіз бен мұхиттардың астында да орналасады. Оларды теңіз сілкінуі деп атайды. Бұл құбылыстардың нәтижесінде цунами пайда болады.
Жер сілкіну ұзақтығы, таралу мөлшері, оны өлшеу құралдары
Жерсілкіну ұзақтығы бірнеше секундтан бірнеше айға (кейде жылға) дейін созылады. Механикалық кернеу күшінің біртіндеп шығуына байланысты, жер асты дүмпулері қайталанып отырады. Әдетте, алғашқы күшті дүмпуден кейін, әлсіз дүмпулер тізбегі жалғасады. Оларды афтершоктар деп, ал дүмпу білінген уақыттың барлығын жерсілкіну кезеңі деп атайды. Афтершоктар негізгі дүмпуден соң 3 – 4 жыл бойы жалғасуы мүмкін. Мысалы, 1887 ж. Алматыдағы (Верный) жерсілкіну кезінде 600 дүмпу болғаны тіркелген. Жерсілкіну кезінде орташа есеппен 1×1024 – 1×1025 эрг энергия бөлінеді. Мысалы, Ашғабадта болған жерсілкінудің энергиясы – 1×1023 эрг, Моңғолиядағы Гоби Алтайында — 1×1024эрг, Чилиде — 1×1024 эрг, Ташкентте — 1×1020 эрг, Кемин жотасында (Алматы) — 4×1024 эрг.
Жер сілкінісі мен жер асты дүмпулерін ріткейтін аппаратты сейсмограф деп атайды. Сейсмографтардың бұрынғы түрлері қағаз таспасы бар қондырғылар болатын. Қазіргі кезде ондай аппараттармен бірге электронды сейсмографтар да қолданылады. Соңғысының қағаз таспасы болмайды. Қағаз таспамен жұмыс істейтін сейсмографтардың екі түрі болады: вертикальды (тігінен болған) тербелістер мен толқындарды, қозғалыстарды тіркейді. ал екінші түрі горизонтальды (көлденеңінен, жазығынан) тербелістер мен толқындарды, қозғалыстарды тіркейді. Екеуінің де өте сезімтал тілшелері болады. Сол тілшелері қағаз таспаған із (белгі) қалдырып отырады.
Тектометр — Ресейде (Сахалиндік өнертапқыштың туындысы. Жапонияда патенттелген) жасалған құрал. Жаңа құрылғыны ойлап тапқан Евгений Васин есімді адам. Тектометрдің көлемі өте ықшам әрі салмағы да жеңіл (1 кг). Бар болғаны бір қобдишаға сыйып кетеді. Кішкентай болғанына қарамастан маңыздылығы өте зор. Ол болайын деп жатқан жер сілкінісінің қаупін 40 сағат алдын ескерте алады.
Әр түрлі балдағы жер сілкіністерінің төмендегі белгілерінің адамдардың мінез–құлқы мен іс қимылына, сілкістердің мүмкін болатын әсеріне, құрылыстар мен ғимараттардың жағдайына, жер қабатындағы табиғи құбылыстарға, жер қабатындағы және жер бетіндегі судың жағдайының өзгеру белгілеріне назар аудару керек.