Жауапсыз махаббатты жеңген Лото

Тамыры жерден бастау алып, суда өсетін, ауада гүлдейтін "лотос" атты ғаламат гүл туралы аңыздан хабардар болыңыз.

Бұл оқиғаның ерте болғандығы соншалықты, бұл аңызды ең кәрі деген қариялардың өзі біле бермейді. Хикая Ханка көлінің суы сәбидің жасындай мөлдір болған кезде орын алған. Иә, ол заман сондай тыныш, сондай берекелі еді. Өзен жағасында өмір сүретін тайпа өкілдерінің аулаған балықтары қысқа да, көктемге де жететін. Аңдардың көп болғандығы соншалықты, құрылған ешбір қақпан бос қалмайтын. Бұлақтың суындай сыңғырлаған күлкіге ие ай десе аузы, күн десе көзі бар арулардың сұлулығын көру үшін аспандағы күннің өзі аялдайтын деседі. Олардың арасында Лото есімді бойжеткен болыпты. Лото өзге құрбыларынан қардан да аппақ ажарымен ерекшеленген екен. Және қыз өзгелер сияқты дауысын шығарып күлмейтін, бірақ, жымиысының өзі ағып бара жатқан жұлдызды еске салатын. Оның осы үркер мұңына себепкер болған – сол тайпаның ең қайсар жігіті еді. Есімі - Энтой. Сәттілікті серік еткен сері аңшылықта тапқан барлық табысын үйлену тойына жинайды. Аңнан қайтқан сайын Эйне атты сүйген қалыңдығына сыйлықтар алып келетін. Ал тәкаппар Эйна:

- Сен табысты жақсы табасың, Энтой! Бірақ маған сенің сыйлықтарың керек емес, менде бәрі бар! - деп айқайлап күлетін де, Энтойдың көңіл-күйін түсіретін. Оның Лотодан несі артық еді? Неге ол тәкаппар Эйнаны қалайды? Лотоның да көздері Эйнаның көздеріндей қарақат емес пе? Шаштары да теңіздің толқынындай... Ауыл адамдары осы сауалдардың жауабын таба алмайтын. Лото да жалғыздықты құшақтап, өзен кешуін жалғастырып жүре берді.

Күндердің күнінде Энтой Эйнаға адамшөптің (женьшень) тамырын сыйға алып келіп, қыздың табанының астына қояды. Қыз оны теуіп жіберіп:

- Энтой, ел-жұрт сенің мені жақсы көретіндігің туралы әдемі әңгімелер айтып жүр, сен де менің өз үйіңе қожайын болғанымды қалайды екенсің... Жарайды. Бірақ сен алдымен маған әлемдегі ең жалғыз деген, ешкім көрмеген, ешкім ешкімге бермеген сыйлықты әкелуің керек, - дейді. Энтой:

- Әкелемін! Теңіз патшасынан тартып алсам да, аяғыңа әкеліп тастаймын, - деп уәде берді.

- Тоқта, аңшы бала! Мен сені бір жыл күтемін. Межелі мерзімге дейін келмесең, мені ұмыт, - деді де қыз суға сүңгіп кетті. Самал жел оның қап-қара шаштарымен ойнай жөнелді...

Бозбала сол күні-ақ сапарға аттанып кетеді. Ол күн ұясына қонатын жаққа қарай жүре берді, жүре берді. Ал махаббат отына күйіп жүрген Лото жігіт жолға шыққан жердегі қайынның жанына келіп, оның жолын тосатын. Кеш бата салысымен, Энтойды қарайлаумен көзі талатын. Жігіт мұның бірін де білмейтін.

Міне, белгіленген мерзімнің соңғы күні де таяды. Лото баяғы қайыңның жанына қайта келді де, құшақтап жылай бастады:

- Жан құрбым қайың? Айтшы маған, Энтой неге келмеді? Мен оны енді көре алмаймын ба? Неге мен онымен бірге бола алмаймын? 

Қайың үнсіз ғана жапырақтарын сілкіледі... Бір дауысты естігендей болған Лото көл жағасындағы қайыққа отырып, ескекті жылдам есе бастады. Біраз жол жүргеннен кейін өзінен-өзі көл суына секіріп кетті. Ханка ұйық келгендей буырқанып, суы лайланып, қорқынышты дыбыстар шығара бастады. Жағалауға Энтой келгенге дейін Ханка ашуын баса алмады.

Еңсесі әбден түсіп кеткен Энтой өзіне қол жұмсауды ойға алған. Өлім үшін Ханканы таңдады. Ол бір жыл бойы жарты әлемді кезіп перизатына лайықты сыйлық іздеп таба алмаған болатын. Уәдесін орындамаған күйі елге қайтқаннан гөрі өлімді таңдады. Су құшағына қарай денесін тастауға ыңғайлана бастағанда, су бетіндегі гүлге көзі түсті.

Мұндай гүлді Энтой бұрын-соңды көрмеген еді. Лас суда алқызыл күлтелі көрікті гүл қалықтап жүрді. Таңғы шықтай мөлдір, гауһардай тартымды, арудай көркем. Энтой гүлді жұлғанда бойына бір күштің дарығанын сезді де, өзі іздеген сыйлықтың осы екендігіне көзі жетті.

Бүкіл тайпа бозбаланы қарсы алуға шықты. Энтой Эйнасына қолындағы гүлін ұсынды. Қыз гүлді қолына алғанда аспандай алып, күндей күшті, жердей жалынды махаббаттың тұла бойын билеп бара жатқандығын байқады.

- Сүйіктім! Мен сені күттім. Мұнда гүлді сен ғана алып келе алатын едің. Қарашы: Оның күлтелері Лотоның ажарын, оның саған деген махаббатын еске салады. Мен бұл гүлді оның құрметіне атағым келеді.

- Иә, мен де келісемін. Біз оны "лотос" деп атайық, ол әрқашан бізбен бірге болады,- деп жауап берді Энтой.

Энтой мен Эйна ұзақ жылдар бойы тату-тәтті өмір сүрді. Олардың бірнеше балалары да, қолдаушы гүлі де болды. Лотос гүлі Энтой өлген күні ғана солған деседі.

Содан бері Ханка көлінде осы бір аты да, заты да сұлу гүл өсетін болған. Оның пайда болу тарихын сезген Ханка да өзінің перзентін әрқашан әлдилеумен келеді.

Суреттер:aquaria2.ru 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева