- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Жастықты қашан ойлап...
Жастықты қашан ойлап тапқан?
"Жастық" атауы ең алғаш ежелгі Египет пен Месопотомияның тарихи қолжазбалары мен еңбектерінде кездеседі. Сол уақыттың байлары мен фараондары жастанған жастықтар бір ғана мақсатта керек болған. Яғни бай-бақуаттылардың арнайы жасатқан шаш үлгілері құрып, не болмаса бұзылып кетпес үшін қатты жастықтар қолданылыпты.
XIX ғасырда "Күншығыс елінде де" геометриялық фигурадағы қатты жастықтар қолданысқа еніпті. Нефрит, бамбук, фарфорларды қолдана отырып жасалынған жастықтарға әр түрлі аңдардың және өсімдіктердің суреті салынған-ды.
Араға уақыт салып барып гректер бірінші рет жастықтың жұмсақ түрлерін жасап шығара бастады. Сабан, құс қанаттары салынған жастықтар шынында да адамдарға жайлылық сыйлапты. Ал жұмсақ заттар қан айналым мен энергияны тартып алады деген тұжырым сол уақыттан бастап жойылған.
Ежелгі Грекиядан алынған жастықтар Римге арнаулы жүлде ретінде баратын болған. Әсіресе, қаз қанаты толтырылған жастықтың бағасы мен құнында шек болмаған көрінеді. Тіпті, кейбір римдік әскербасылар арнайы мергендерді бөліп алып, қаздарды атып алуға шығатын болған.
Cол кездің адамдары жастықтың ерекше қасиеті бар деп ойлапты. Соның сарқыты болар, жастық жастанып жатқан адам әр түрлі жамандықтан аулақ болады деген тұжырым бүгінде де көп халықтарда сақталып келеді. Мәселен, Нирон жақсы ұйықтап тұру үшін жастығының астына білезік пен жылан терісін қойып ұйықтапты-мыс. Ал Октавиан Август болса, әрқашан жақсы жатып, ұйықтауға болатын жастықтарға ерекше құмарлық танытып өткен екен деседі.
Әбден арып, қарны ашқан Будда күндердің бір күні жерге жата кетеді. Бір кезде мұрнына жағымды иіс келеді. Сол жердегі жалғыз ағаштан шығып тұрған иіс екенін біліп, әлгі ағаштың жапырақтарын қапшыққа көптеп толтырып, жастанып шығады. Міне, сол жастық Буддаға көмектесіп, әйгілі жан иесі түнімен жақсы түстерді көрген. Ертеңінен тұра салып, алыс жолға аттанып кетіпті дейді.
Араб елдерінде шашақ сияқты немесе қаламен салынған суреттер бедерленген жастықтар әр сұлтанның үйінің төрінде жататын болған. Және аталған жастықтар сұлтанның дәулетінің қаншалықты екенінен хабардар етіпті-міс.
Орта ғасырларда жастықтың аяққа арналған түрлері шығыпты. "Бөстек" аталып кеткен сол жастықтар қыстың күні отырған кезде астыға тасталынатын болған. Ең бастысы, әлгі бөстектер мінәжат етілген кезде астыға қойылған.
Русьте өрнектелген жастық қалыңдық жасауының алынбас бір бөлшегі болыпты. Сол уақытта орыс жұртының кедейлері сабан мен жылқы жалымен толтырылған жастық жастанып жаста, байлардың жастықтары құс жүнінен істеліпті.
сурет:kinderlibrary.wordpress.com
Дайындаған: Фараби Бақыт
Л. Лига