Жапондықтар екі аппараттан тұратын принтер құрастырды: біріншісі - кез келген құжатты арнайы бояумен баса алады. Екіншісі - парақты бастапқы қалпына келтіре алады. Яғни қате немесе керек емес мәтінді өшіре алады.
Жаңа принтер жапон ғалымдарының көп жылғы ізденістерінің нәтижесі болып отыр. Бұл принтер арқылы сіз бір парақты бірнеше мәрте пайдалана аласыз. Жаңа принтер жұмысы бірінші кезекте баспаханалар мен парақтардың үлкен партиясына көп қаржы жұмсайтын алып компанияларға тиімді болып отыр. Себебі өнертапқыш ғалымдардың айтуынша, жаңа Loops деп аталған принтер арқылы парақтарды 80%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік тумақ.
Loops принтері Жапония нарығына келер жылы түседі. Аппарат бағасы шамамен 17 000 долларды құрайды. Toshiba компаниясы осындай принтерлердің жылына 5 мыңнан аса данасын сатуды жоспарлап отыр. Аталған сиқыршы принтер Қазақстан нарығына да келер жылы келіп қалуы мүмкін.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: mgm.com.ua