Жапонияның Shimizu Corporation компаниясы мұхит астында өмір сүру үшін қолайлы қаланың дизайнын жасап шықты. Қала біркелкі қозғалыспен жүзе алатын болады.
Адам баласы Жердің кез келген аймағын өмір сүруге бейімдеп үлгерді. Тіпті қазіргі кезде шөл ыстығы мен полюстің қақаған суығында да тіршілік етуге мүмкіндік бар. Енді ғалымдар Жердің 71%-ын су қаптап жатқанын ескеріп, туристік мақсатта су астына саяхаттауға, одан қалса біршама уақыт өмір сүру мүмкіндігін қарастыруда.
The Japan Times газетінің жазуына қарағанда, жоғары технологиямен жабдықталатын қала 500 метр диаметрлі шар тәрізді құрылымға ие болады. Ал сыйымдылығы 5000 адам болмақ. Су астында жүзетін қаланың концептін жасауға Токио Университеті мен Жапония Ғылым және Технология Агенттігінің (Jamstec) мамандары қатысқан.
Әрбір шар тәрізді қала бұранды сым іспеттес алып құрылым арқылы 15 шақырым төменге дейін түсе алатын болады. Бұл жоба мақсаты - адамдардың цунами немесе жер сілкінісі кезінде паналайтын қалашығын құру.
Су астында қажет болатын оттекті көмірқышқыл газынан алынса, температура мен қысымның айырмашылығы электр энергиясын шығаруға қолданылады. Әзірге тек құрылымдық жобасы ғана бар қаланы салуға $25 млрд қаржы жұмсалып, 2030 жылға қарай қолдануға берілетін болады.
Сурет: fpaparazzi.com