Жануарлар өсірген балалар туралы алты оқиға

Жануарлар өсірген балалар туралы алты оқиға

1. Маймылдар

Екі баласы ұйқыға жатар алдында Марина Чапмен орманда болған оқиға туралы айтып береді. Әлгі айтылған оқиға желісі шын мәнінде де өмірде болған, Маринаның басынан өткерген сәттер екен.

Ол бес жаста болатын. Колумбияда ата-анасы алақанға салып, аялап отырған баланы белгісіз бір қарақшылар ұрлап кетеді. Алайда, ақша, ешқандай төлемақыны қажет етпеген ұрылар кіп-кішкентай бөбекті орман ішіне тастап кете барған. Баланың сөзсіз өлетіні анық еді. Бірақ, бір ғажайыптың арқасында орманда мекен ететін маймылдар (капуциналар) шырылдап жатқан баланы бауырға басады. Бес жыл бойы қастарына ертіп жүріп қоян аулап, құс қулату мен өз тілдерін үйретеді. 

Күндердің күні маймылдардың ортасында жүрген қыз баланы аңшылар кезіктіріп, құл базарға шығарып, сатып жібереді. Ең аяғында Марина қашып құтылған...

2. Ешкілер

2012 жылы Ресей жерінде болған осы оқиға талай жанды бір түршіктірді. Құрсағынан шыққан баланы шешесі ешкілермен бірге қораға қамап кетіп қалған. Әбден арып-ашып, сүйегі қалуға жақындаған баланы дәрігерлер жолы болып, тауып алыпты.

Анықталғандай, ешкілер балаға сүт беріп, қастарына жатқызып, қамқорлық көрсеткен. 

Енді бұл бала төсекке жатудың орнына астына кіріп кете береді. Тек жерде ұйықтайды. Адамдармен сөйлесуге құлық білдірмейді...

3. Иттер мен мысықтар

2009 жылы әлеуметтік қызметтегі жұмыс қамымен жүрген бір топ адамдар Сібір жерінде бес жасар Наташа деген қыз балаға кезігеді. Наташаның отбасында әке де, шеше де, бәрі де бар. Алайда, әкесі мен шешесі баланы бес жыл бойына мысықтар мен иттердің ортасында өсіріп келген.

Енді міне, Наташа адаммен сөйлесейін десе, бір әріп білмейді, одан қалса, тамақты мысықтар мен иттермен таласып жеп қалғандықтан, адам отыратын үстел маңына жоламайды.

4. Жабайы мысықтар

2008 жылы Аргентинада бір топ милиция қызметкерлері жабайы мысықтармен бірге өскен бір жасар баланы тауып алады. Сегіз мысықтың ортасында өскен бала дені-қарны сау, тоқ болып шыққан.

Сөйтсе, жабайы мысықтар әр күні бір жасар балаға тамақ алып келіп берген. Түн болса, баланы ортаға алып, денелерімен жылытқан.

5. Жабайы иттер

2001 жылы Чилиде жабайы иттермен бірге үңгірде өмір сүрген он жасар бала табылады. Көрмеген сұмдығы жоқ он жасар бала екі жыл бойына иттердің ортасында өмір сүруге бейімделген. Тіпті, бір кездері иттердің сүтімен қоректеніпті.

6. Қасқырлар

Ендігі кезекте Камила мен Амалия туралы айтудың өзі қорқынышты. Қасқырдың ортасында өскен қыздар 1920 жылы Үндістандағы ормандардың бірінен табылады. Тауып алған шіркеу қызметіндегі адам ұзақ уақыт бойы оларды адамдардың өміріне бейімдемек болыпты. Бәрібір бойлары үйренісе қоймаған олар кейін келе ауыра бастаған...

сурет:matchhouse.narod.ru

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига