Қазіргі кезде телефон қолданушыларына өз құрылғыларындағы аккумулятор сыйымдылығының аздығы басты проблема екені белгілі. Ғалымдар да оның шешімін іздеп жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Сол ізденіс өз жемісін енді берген секілді. Олай дейтініміз, жақында Иллинойс университетінің мамандары литий-ионды микробатареяның жаңа класын жасап шықты. Егер осы аккумуляторды телефонға орналастырсақ, онда оның көмегімен тіпті автокөлікті де оталдыруға болады екен. Одан кейін ол бір ғана секунд ішінде қайтадан қуаттана алады.
Зерттеушілердің айтуынша, жаңа микробатарея құрамына суперконденсатор мен жоғары сыйымдылықтағы аккумулятор кіреді.
Жаңа микробатарея болашақта тұрмысымыздың барлық саласына енуі әбден мүмкін. Құрастырушы мамандар да оның ауылы алыс емес екенін айтып отыр. Енді батареяның жасалуына тоқталсақ. Инженерлер ұзық зерттеуден кейін, батареядағы катод пен анод құрылымын өзгертуді ұйғарған екен. Мысалы, тегіс катод пен анодтың орнына кеуекті, үш өлшемді катод пен анод орналастырған. Осы формасының арқасында батареяның қуат сыйымдылығы бірнеше есеге артқан. Ол енді ток көзінен толық қуаттану үшін бар болғаны бір секундты қажет етеді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: zhelezyaka.com