Интернет болмаса қайтер едік?

Интернет болмаса қайтер едік?

Ричард Новатсон бастаған бір топ американдық ғалым қызық әрі өзекті зерттеу жасапты. Сауалнама түрінде өткен зерттеуге 4 мың адам қатысқан. Оның жартысы ер адам да, жартысы әйелдер.   

Оның барлығы да өмірін интернетпен байланыстырған немесе әлеуметтік желілердің белсенді қолданушылары. Сұрақ былай қойылған: Егер еліңізде интернетке шектеу қойылса, не істер едіңіз? Берілген жауаптар күтпеген толқу мен дау тудырған сыңайлы. Оған ғалымдардың өзі де бас қатырған.

Жауап бергендердің 67 пайызы өзге елдерге көшіп кететіндерін жасырмапты. Ал 14 пайызы не істерін білмей, белгісіз уақытқа депрессияға түсетіндерін жеткізген. Ғалымдарға ұнаған 11 пайыздық жауап былай болған: «Интернет жоққа айналса, оның өлген күнін тойлап, бір көңіл көтеріп қалар едік!». Олар жаһандық өрмектің дүрмегінен құтылғандарына қуанып, туысқандарына көп көңіл бөлетіндерін жеткізіпті.

Ал геймерлер ше? 6 пайызды құраған ойынқұмарлар интернет болмаса, соған ұқсас бір байланыс құралын тауып алатынын айтқан. Сұралғандардың ішінде өзін өлімге қиятындары да табылыпты. Абырой болғанда, олардың үлес салмағы 2 пайызды құраған (78 адам). Оның ішінде алпыс сегізі әйелдер болып шыққан.  

Ричард Новатсон бастаған бір топ американдық ғалым осы зерттеу арқылы интернеттің адам баласына әсері мол екенін және оның болуы да, болмауы да адамзат баласына зиянын тигізіп отырғандығын дәлелдеп берген. Интернеттің бетінде ғана өмір сүретін адамдарды тәуелділіктен құтқару жолында медицинаның көмегі тіпті жоқ екен.

 

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: smartbooka.net

А. Құлтай