- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Химияны жақсы көруге...
Химияны жақсы көруге 5 себеп
Химия – оқушылар үшін қиындық тудыратын пәндердің бірі. Бірақ, есеп пен теориядағы қиындық пәнді жек көруге себеп емес. Химияның не екенін ұғу үшін алдымен оны жақсы көруге итермелейтін себептерді жан-жақты зерттеңіз. Сайтымыздың атынан химияны жақсы көруге тұрарлық 5 негізгі себепті ашып көрсетпекпіз.
Әсел:
Мен білетін химия пәні мұғалімінің (ауылдағы мектептерде) барлығы өте қатал, жүйкесі жұқарған адамдар болды. Оқысаң да, оқымасаң да айқайлап ұрсып, анайы сөздер айтатыны есімде. Айқайлай берген соң, оқып келгеніңді де ұмытып, кібіртіктеп білетініңді айта алмай қаласың. Мұғалімі ұнамайтын болған соң, пәнін де сүйіп оқи алмайсың. Балалардың пәнге деген қызығушылығын ояту үшін тақырыптың маңыздылығын мысалдар келтіре отырып түсіндіру керек. Мысалы қазір өмірде кей физикалық құбылыстар алдымыздан шыққанда, кезінде мектепте түсініп оқып алмаппыз деген ой келеді.
1-себеп: Әселдің айтқанындай, өмірдегі кей құбылыстарды бақылай отырып, оның себебін білу үшін ғылымның тілі қашанда маңызды болмақ. Егер, келіспесеңіз химиктердің көмегінсіз жасалған бір затты тауып көріңізші.
Сіз пайдаланатын дәптерден бастап, барлық техниканың құрамында органикалық не бейорганикалық зат бар. Химия тек қышқыл, сілті ғана емес, оның қатарына әр түрлі қоспа, тұнба мен балқытпа да кіреді. Қарындашыңыздағы графиттің өзі – химиялық зат.
Диана:
Маған химия пәні ұнамайтын. Әрине, біз қолданатын барлық нәрсенің құрамында химиялық зат бар екенін мойындаймын. Бірақ, ғалымдар бар жаңалықты ашып, бар нәрсеге зерттеу жүргізіп тастаған секілді. Сондықтан, оған қызығу тек ерекше адамдардың қолынан келеді.
2-себеп: Адам не үшін өмір сүреді?
• «Махаббат үшін» – дейді әйел адамдар. Ол дұрыс айтады. Өйткені, химия ғылымының мамандары қан құрамындағы гармон деп аталатын химиялық зат арқылы адам бойындағы сезімдер басқарылатынын дәлелдеген.
• «Спорттағы жетістік үшін» – деп жауап қатады спортшылар. Ал, спорттағы жетістік үшін адам бойына керекті дәрумендер, макроэлементтердің барлығы химиялық зат екенін ұмытпаған жөн.
• «Денсаулық үшін» – дейді қарт адам. Осылай дейді де, дәріханаға бет бұрады.
• «Салауатты өмір салты үшін» – деген бағбан да құрт жемесін деп еккен егініне химиялық ерітінді құяды.
Мирас:
Химияны мен алғашқы жылдары ұнатпадым. Түсінбейтінмін. 10-11 сыныпта ұстазым түрлі тәжірибелерді көрсетті. Кейін махаббаттың өзі химиялық реакция екенін оқыдым. Кенет қызыға бастадым. Есептерді жылдам шығарып, жаңа тақырыпты тағатсыздана күтетін болдым. Бастысы, химия – өмір екенін ұқтым.
3-себеп: Химия медицина, өнеркәсіп, фармацевтика мен ауыл шаруышылғына жол ашады.
Эльназ:
Химияға қызығушылығым түрлі косметикадан басталды. Бастапқыда бояуларға аңсарым ауып, олардың құрамын қарай бастадым. Өзіме түсініксіз бірнеше терминді кездестірдім. Ғаламтордан қарап, олардың өзге де пайдасын, зиянын зерттедім. Мұғалімнен сұрадым. Сабақ барысында қоспалардың атауы кездессе, оларды ажырата алатын дәрежеге жеттім. Химияның мен білмейтін құпиясы көп секілді.
4 – себеп: Химиясыз косметика да, аяқ киім де, тіпті, киім де шықпайды.
Алтынбек:
Бір ақылды адам жаратылыстану бағытындағы адамдар гуманитарық бағытқа еркін бет бұра алады, алайда, ағыстың кері жүзуі қиын деген болатын. Мен жазғанды жақсы көремін. Бірақ, қызық тақырыптарды қозғау үшін жаратылыстану бағытын таңдауды жөн көрдім. Өйткені, әлеуметтік жағдайды қозғау үшін, ғылымнан аздаған хабарың болуы тиіс.
5-себеп: Химик болу – бұл тек химия ғылымымен шектеліп қалу емес. Химиктерден үздік философтар шығады. Мысалы, Джозеф Пристли тарихқа оттегіні ашқан химик ретінде аты енсе, кейінгі өмірінде үздік философтардың бірі ретінде көзге түскен. Химиктен философ шығады, бірақ, философтан химик шығуы екіталай.
Бір уақыт химияға пән ретінде емес, өзіңіздің бөлшегіңіз ретінде назар аударып қараңызшы. Шынымен, жақсы көре бастайсыз.