- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Google ажалмен күресуді...
Google ажалмен күресуді бастады
Google компаниясының бас директоры әрі оның негізін салушы Ларри Пейдж атақты іздеушінің Calico медициналық компаниясын құрғанын мәлімдеді. Жаңа медициналық компания қартаю мен жасқа байланысты аурулардың алдын алуға мамандырылмақ. Аталған фирманы Apple және Genentech директорлар кеңесінің қазіргі төрағасы Арт Левинсон басқарады. TIME журналына берген сұхбатында Пейдж стартаптан айтарлықтай нәтижені алдағы 10-20 жылда күтпей-ақ қоюды ескертіпті.
Мобильді құрылғылар нарығында Google-дің басты бәсекелесі саналатын Apple басшысы Тим Кук Левинсонның мұндай қызметке тағайындалуын қуана-қуана қарсы алды. «Көптеген достарымыз бен жанұямыздың өмірі тым ерте аяқталды. Арт – бұлай болмау керек деп есептейтіндердің қатарынан. Ол осы миссияға ерекше құлшыныспен кіріседі, ал мен жетістіктерді асыға күтетін боламын", - дейді Кук. Calico инвестицияны Google Ventures қоры арқылы емес, Google-дің өзінен тікелей алған. Компания жеке басқарылатын болады. 40 жастағы Пейдждің медициналық стартап құру ниеті өзінің денсаулығына байланысты болуы да әбден ықтимал. Айта кетсек, жуырда ол осыдан 14 жыл бұрын, қатты суық тиюден соң, дауыс желбезегінің сал ауруы байқалғанын айтқан еді. Өткен жылы тамақ ауруының салдарынан сөйлей алмай қалған Пейдж бірнеше апта бойы көпшіліктің назарынан тыс қалған болатын.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: time.com
Ж. FM