- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Генетикалық зерттеуге жарамды...
Генетикалық зерттеуге жарамды мамонт терісі табылды
Якутия палеонтологтары Ян өзенінің бойынан генетикалық тәжірибеге жарамды мамонт терісінің қалдықтарын тапты. Бұл туралы палеонтологиялық экспедицияны ұйымдастырған Солтүстік-Шығыс федералды университетітің баспасөз бөлімі хабарлады.
«Солтүстік Ойкумена» деп аталған экспедицияны Якутсктегі Мамонт музейінің директоры Семен Григорьев басқарған. Палеонтологтар бір айда жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде мамонттың 6 түрлі тері фрагментін тапқан. Ғалымдардың айтуынша, табылған тері қалдығынан мамонттың ДНҚ құрамын анықтауға болады.
«Ляхов аралдары ертеректе мамонттардың өмір сүрген негізгі ордасы болған. Осында мамонт қалдықтары өте көп табылған. Сол үшін де біздің экспедиция дәл осы жерге бағыт алды», - дейді экспедиция басшысы Григорьев.
Орыс палеонтологтары алып мамонт терісінен бөлек бойы небәрі 2 метр болған мамонт тұқымдас жануарлардың сүйек қалдықтарын тапқан. Қазір ғалымдар мамонттардың шамамен қай дәуірде өмір сүргенін анықтап жатыр. Ал осы күнге дейін сақталған тері жаңа зерттеу жұмыстарына үндейді. Ғалымдар алынған ДНҚ арқылы болашақта мамонттар фаунасын қайта қалыптастыру мүмкіндігін де қарастыратынын мәлімдеді.
Ж. Өрісбай