Гауһар тастардың құпиясы

Алмастар мен гауһарлар біздің планетамыздағы ең қымбат әрі ең әдемі бағалы тастардың көшін бастап тұр. Және олар бұл атаққа әбден лайық. Жалпы, адам баласы осындай "асыл тастармен" көптеген жылдар бойы таныс болғандығымен, олар туралы біршама деректер әлі күнге дейін жұмбақ болып келеді. Бүгін сол жабулы қазанның қақпағын ашатын кез келіп тұрғандай...

Кез келген заманауи адамнан алмас деген не деп сұрасаңыз, оның есімін зергерлік бұйымдармен байланыстырып жауап береді. Иә, рас. Оның зергерлік саласында өте танымал екендігіне таласымыз жоқ, бірақ алмастар о баста өнеркәсіп саласында пайдаланылған және әлі күнге дейін өнеркәсіп үшін қызмет етіп келеді. Мәселен, ерте кездерде (4,5 мың жыл бұрын) қытайлықтар алмасты салтанатты балталарды жылтыратып қою үшін пайдаланған екен. Қазіргі таңда өндірілетін алмастың 80%-ы (шамамен 100млн.карат) бұрғылау, кесу, жылтырату мақсатында жұмсалатындығы дәлелденіп отыр.

Алмас жер бетіндегі ең қатты материал емес. Бұған сену қиын болғанымен, ақиқат сол. Біз көзімізді ашқалы солай оқып, солай жаттап келе жатырмыз. Университетте де соны құлағымызға құйды. Шындығына келгенде, алмас - табиғи материалдардың арасындағы ең берігі екен. Адамзат одан да қатты дүниені ойлап тауып үлгерген. 2005 жылы Гейдельберг университетінің Наталья Дубровинская бастаған қызметкерлері алмастан 11% мықты затты жасап шығарды. Жаңа материалға "гипер алмас" деген атау тағылды. 

Алмас тастар табиғатта өте сирек кездеседі. Оны өндіріп алу үшін миллион тоннаға жуық бос жыныстарды қопарып шығуға тура келеді. Сөйткенде де, маңдай термен өндірілген алмастың зергерлік жұмыс үшін жарамай қалуы да ғажап емес.

Жер бетіндегі алмастың жағдайы түсінікті болды, ал ғарыштағы жағдайы қалай екен? 2004 жылы Тревис Меткальф есімді астроном салмағы 10 млрд. триллионды құрайтын алмасты көрген. Қанша нөл болатындығын ойлап кеттіңіз бе? Бірақ бұл да шындық. Бұл алмас бастапқыда өшкен жұлдыздың ядросы болған көрінеді. Оның қазіргі диаметрі - 4 мың шақырымды құрайды. Астрономдар оған "Люси" деген атау берді (Битлз тобының «Lucy in the Sky with Diamonds» әнінің құрметіне).

Жасанды алмастарды табиғи түрінен ажырату мүмкін емес. Біршама уақыт бұрын табиғи мен жасандыны бір-бірінен айырып алу оңай шаруа болатын. Мұны кез келген, тіпті, тәжірибесі аз зергер де білетін. Бірақ, соңғы он жылда алмас өндіру технологиясы қарқынды түрде дамып, табиғи түріне өте ұқсас келетін тастарды "өсіре" бастады. Кім білсін, бүгінде жасанды алмастар табиғи түрінің бағасымен сатылып та жатқан шығар...

Суреттер:byaki.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева